Қайғылы жағдай 12 сәуірге қараған түні Астана қаласындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында болған.
Фото: Желі кадрларынан
ERNUR.KZ. Астанада үш баланың өмірін қиған жантүршігерлік оқиғадан алты ай өткен соң Төтенше жағдайлар министрлігі өрттің шығу себебін жариялады. Өрт шығуына балалардың ойыны себеп болған, деп жазады stan.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Руслан Қайрақбаевтың айтуынша, жалын пәтердің ішінен шыққан.
"Қазір қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы негізінде тоқтатылды", – деді ол.
Оқиғаның мән-жайы
Қайғылы жағдай 12 сәуірге қараған түні Астана қаласындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында болған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жеткен. Алайда аулаға кіреберіс жабық болып, көліктер толып тұрған. Ал бір жүргізуші көлігін үйдің ауласына кіретін пандус үстіне қойып кеткен. Салдарынан өрт сөндірушілер техникасы уақытында кіре алмаған. Ал пәтерге кірген кезде, іші толық жанып кеткенін байқапты.
Өрт сөндіру кезінде жанып жатқан пәтерден күйік алған әйел шығарылып, жедел жәрдем қызметіне тапсырылған. Ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылған. Қазір жансақтау және терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оған 2-3 дәрежелі күйік шогы диагнозы қойылған. Оқиға орнында кәмелетке толмаған үш баланың мәйіті табылған. Өрттен қаза тапқан қыздардың жасы екі мен 13 жас аралығында болған.
Құтқарушылар жоғарғы қабаттардан 20 адамды эвакуациялап, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шыққан.
Өрт толық сөндіріліп, өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Кейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.


