ТӘН ЖАҚЫНДЫҒЫнан кейін айтуға ТЫЙЫМ салынатын тақырыптар

0
541

Олар түнгі тыныштықты ғана емес, отбасыны да бұзуы мүмкін


ТӘН ЖАҚЫНДЫҒЫнан кейін айтуға ТЫЙЫМ салынатын тақырыптар

Сурет: ЖИ

Тән жақындығынан кейін ерлі-зайыптылар ерекше эмоционалды босаңсу мен тыныштық күйін кешеді. Бұл сәтте олардың көңіл-күйі өте нәзік әрі осал келеді. Әрине, жұп арасында ішкі сезімдер мен мәселелерді ашық талқылау берік қарым-қатынастың кепілі. Дегенмен, әр сөздің өз орны мен уақыты бар. «Арпалыстан» кейінгі алғашқы минуттарда кейбір тақырыптарды қозғау серігіңіздің көңіліне қаяу түсіріп, арадағы салқындыққа себеп болуы мүмкін.


1. Серігіңіздің шеберлігіне баға беру

Сіз жарыс төрешісі емессіз, ал бұл сәт – емтихан тапсыратын уақыт емес. Ер адамның төсектегі мүмкіндігі мен шеберлігін талқылап, баға беру оның еркектік намысы мен өзін-өзі бағалауына ауыр соққы болып тиеді. Егер сізге бірдеңе ұнамаған болса немесе белгілі бір қалауыңыз орындалмаса, оны дәл осы сәтте айтпаған жөн. Бұл мәселені сабырлы әрі уайымсыз отырған басқа бейтарап уақытта жеткізген абзал.


2. Дене кемшіліктерін бетіне басу

Жақындықтан соң ентігіңізді басып үлгермей жатып, серігіңіздің салмақ қосқанын немесе мүсінінің өзгергенін бетіне басып айту үлкен қателік. Мұндай сыни ескертуге жауап ретінде сіз де өзіңізге ұнамайтын дөрекі жауап естіп қалуыңыз мүмкін. Керемет сәттің шырқын бұзып, керісінше ренжісіп қалмас үшін, жағдайды ақылмен шешіңіз. Мысалы, «Бірге жаттығу бастайықшы» немесе «Екеуміз таңғы жүгіруді қолға алсақ қалай болады?» деп жұмсақ түрде ұсыныс тастап, өзіңіз үлгі көрсетіңіз.


3. Мәселелерді талқылау

Үлкен ұрыс-керістің соңы кейде одан да ыстық сезімге ұласатыны жасырын емес. Дегенмен, бұны әдеттегі дәстүрге айналдырудың қажеті жоқ. Уақыт өте келе серігіңіз сізбен жақындасу үшін тек жанжалды күтетін психологиялық шекке жетуі мүмкін. Керісінше, ұрыс-керіске, дауласуға кететін орасан зор энергияны нәзік сезімге, өзара сыйластық пен жақындыққа бағыттаған әлдеқайда қайырлы.


4. Сезімді бұлдау, шантаж бен манипуляция

Жақындықтан соң ер азамат өзін бақыттың шыңында, ерекше бір жайлы күйде сезінеді. Бұл сәтте оған тұрмыстық немесе қаржылық мәселелерді (мысалы, «Құрбымның туған күніне жібересің ғой, иә?», «Маған неге гүл сыйламайсың?», «Алтын комплектіні қашан әпересің?», «Ас бөлменің жиһазын жаңалап берші», т.с.с.) алдына тартып, шантаж жасаудың қажеті жоқ. Жақсы қарым-қатынастың өзінде мұндай қулыққа барсаңыз, серігіңіз келесі жақындықты үреймен күтетін болады. Тұрмыстық мәселелерді шешу үшін сезімдер сабасына түсіп, эмоция басылғанша аз уақыт күте тұрыңыз.


5. Болашақты жоспарлау

Бұл тақырып жас жұбайлар үшін романтикалық сәт болуы мүмкін. Алайда, жан-жақтан қаумалаған бүгін-ертеңнің шаруалары мен мәселелеріне бас қатырып жүрген отбасылар үшін кейде алдағы он жылды ойлау артық жүк боп сезіледі. Күндізгі күйбеңнен дамылдап, енді тыныштық таптым-ау дегенде «Болашақтың мақсаттары мен міндеттерін ойлайықшы» деген ұсыныстан серігіңіз шоршып түсуі мүмкін.


Көптеген әйелдер күйеуі жайлы «Жақындықтан соң неге бірден ұйықтап кетеді? Неге сөйлескісі келмейді?» деген сұраққа бас қатырады. Мұның жауабы жұбайын жақсы көрмеуінде емес, адам организміндегі биологиялық процестерде жатыр.


Гормондар шабуылы

Тән жақындығы кезінде эндорфин, окситоцин және пролактин гормондары ең жоғары шегіне жетеді. Эуфориядан кейін ағзада пролактин деңгейі шұғыл көтеріліп, бұл ер адамның миына «Демал, организмді қалпына келтір, тыныштал» деген табиғи сигнал береді. Бұл сәтте еркектің миы салмақты шешім қабылдауға немесе күрделі диалог құруға биологиялық тұрғыдан дайын емес.


Еркек миындағы «Нөлдік бөлме»

Психологтар ер-азаматтардың миында ештеңе ойламайтын, толық тыныштық орнайтын ерекше қалып бар дейді. Мұны мамандар шартты түрд «нөлдік бөлме» деп атайды. Жақындықтан кейін еркек дәл осы «нөлдік бөлмеге» енеді. Мұндай сәтте оған күрделі сұрақтар қою тыныштық аралына басып кіргенмен бірдей.


Не айтуға БОЛАДЫ?

Жақындықтан соң мүлдем тас-түйін үндемей жату да шарт емес. Тек сөздің мазмұны эмоционалды жылылыққа құрылуы тиіс.

  • Шын жүректен шыққан алғыс мен комплимент айтыңыз. Ер адам үшін өзінің сүйіктісіне қуаныш сыйлай алғанын сезіну ең үлкен мәртебе. Нәзік үнмен айтылған қарапайым сөздер оның көңілін тасытады: «Бүгінгі түн ерекше болды...», «Қасыңда өзімді бақытты сезінемін», «Сенің құшағың мен үшін ең тыныш мекен».
  • Сөзсіз байланыс. Кейде сөзден де бұрын құшақтау, шашынан сипау немесе жай ғана қол ұстасып жату әлдеқайда көп мағына сыйлайды. Бұл қимылдар пролактин мен окситоцин гормондарының әсерінен босаңсыған ағзаға ең күшті тыныштық терапиясы болып табылады.
  • Шын мәніндегі сезім. Тұрмыстық мәселелерді, келесі аптаның жоспарын немесе балалардың шаруасын мүлдем араластырмай, жай ғана «Сені қатты жақсы көремін» деу жекілікті.

Есте ұстаңыз! Жақындықтан соң логика, есеп пен аналитика демалады. Мұнда ешқандай астарлы ой, талап немесе шарт болмауы тиіс. Бұл сәтте тек жүрек сөйлеп, жан тынышталуы тиіс. Тек екі жанның бір-біріне деген риясыз құштарлығы мен сүйіспеншілігі сөйлесін.

Жар төсегі – келіссөз жүргізетін немесе мәселе шешетін орын емес. Бұл – сезімді бекітетін, екі жанның бір-біріне қуат сыйлайтын мекені. Түнгі тыныштықты бағалай біліңіздер.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЕРКЕКТІҢ ҚҰПИЯ ҚАЛАУЛАРЫ: күйеуіңіз төсекте не туралы армандайды?