Қырғызстан азаматы алтын құймаларды өз елінде сатып алған. Кейін оларды Қытайға заңсыз жеткізу мақсатында "Қордай Авто" өткізу пункті арқылы Қазақстан аумағына кіргізген.
фото: Sputnik/Айдын Балтабаев
ERNUR.KZ. Құны 182,3 млн теңге болатын алты алтын құйма мемлекет кірісіне өткізілді. Салмағы 2,8 келі болатын бағалы металды Қырғызстан азаматы Қазақстан арқылы Қытайға заңсыз алып өтпек болған, деп жазады sputnik.kz.
Бас көлік прокуратурасының өтінішхаты негізінде сот алтын құймаларға қатысты сотқа дейінгі тәркілеу шарасын қолданды.
Прокуратураның мәліметінше, Қырғызстан азаматы алтын құймаларды өз елінде сатып алған. Кейін оларды Қытайға заңсыз жеткізу мақсатында "Қордай Авто" өткізу пункті арқылы Қазақстан аумағына кіргізген.
Әйел кедендік және шекаралық бақылаудан өту кезінде бағалы металды жасыруға тырысқан. Ол алтын құймаларды аяқ киімінің ұлтарағының астына жасырған. Алайда "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында жүргізілген тексеру кезінде алтын анықталып, тәркіленді.
Тәркіленген алты құйманың жалпы салмағы 2,8 келі, ал алтынның тазалығы 99 пайыздан асады. Олардың жалпы құны 182,3 млн теңгеге бағаланған.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.


