Қазақстанда смартфондарды верификациялау бірыңғай мемлекеттік порталға көшірілді

0
739

Барлық қажетті функция бір жерге біріктірілді.


Қазақстанда смартфондарды верификациялау бірыңғай мемлекеттік порталға көшірілді

Фото: Tengrinews.kz

ERNUR.KZ. Қазақстанда смартфондарды верификациялау мемлекеттік порталға ауыстырылды, деп жазады tengrinews.kz.

Смартфон верификациясынан енді қай жерде өтуге болады?

9 қазаннан бастап жеке тұлғалар үшін абоненттік құрылғыларды верификациялау portal.imei.gov.kz мемлекеттік порталы және eGov Mobile қосымшасы арқылы қолжетімді. Барлық қажетті функция бір жерге біріктірілді.

Бұған дейін азаматтар үшін мобильді құрылғыларды верификациялаумен айналысқан "ATS Mediafon KZ" компаниясы kz-imei.kz сайты бұдан былай верификацияға пайдаланылмайтынын хабарлады.

Сонымен қатар бұрын пайдаланушыларға қосымша цифрлық сервистерге жүгінуге тура келетін. Мәселен, мемлекеттік шекараны кесіп өту туралы анықтаманы vmp.gov.kz порталынан өз бетінше алып, содан кейін өтінімге тіркеу қажет болатын.

Енді бұл процесс автоматтандырылды: азаматтарға анықтаманы бөлек сұратудың, жүктеудің және қайта жүктеудің қажеті жоқ. Қажетті мәліметтер алмасу тікелей верификация кезінде жүзеге асырылады.

portal.imei.gov.kz

Бейне сәйкестендіру не үшін енгізілді?

Негізгі өзгерістердің бірі - міндетті бейне сәйкестендіру. Енді өтінім беру кезінде азамат жеке басын қосымша растауы қажет болады.

Бейне сәйкестендіру өтінімді рәсім кімнің атынан жүргізіліп жатса, сол адамның беріп жатқанына көз жеткізуге көмектеседі. Бұл бөгде адамдар біреудің дербес деректеріне немесе ЭЦҚ-сына қол жеткізген жағдайда қолданылатын қосымша қорғаныс деңгейі.

Мәселе туындаған жағдайда не істеу керек?

Егер өтінім беру, бейне сәйкестендіруден өту мүмкін болмаса немесе жаңартылған сервисті түсіну қиындық тудырса, 1414 нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.

Онда азаматтарға верификация тәртібі түсіндіріліп, қандай әрекеттер жасау керек екені айтылады және туындаған қиындықтарды шешуге көмектеседі.

Смартфондарды верификациялау: сын

Бұған дейін сәуірде IMEI-верификация тетігі қазақстандықтар мен депутаттар тарапынан сұрақтар туғызған болатын. Атап айтқанда, неге рәсімді жеке компания жүргізетіні және пайдаланушылардан қандай негізде ақы алынатыны талқыланды.

Сыннан кейін цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин бұл тәсілді өзгерту жоспарланып отырғанын: верификацияны мемлекеттік ұйымға беруді көздеп отырғандарын хабарлады.

"Біз мемлекеттік монополияға көшеміз деген шешім қабылданды. Бұл телефондарды верификациялау бойынша қызмет көрсете алатын мемлекеттік ұйым болады", – деген еді ол.

Вице-министрдің айтуынша, ол үшін тиісті заңнамалық өзгерістер дайындалды.