​Астанада ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ түсірген ФИЛЬМДЕР фестивалі өтті

0
401


​Астанада ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ түсірген ФИЛЬМДЕР фестивалі өтті

Сурет: ЖИ

Елордада жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдердің әлемдегі ең ірі кинофестивалі – Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) өз мәресіне жетті. Жаһандық креативті индустрияның басын қосқан ауқымды шара Қазақстанның заманауи технологиялар мен цифрлық өнердің көшінен қалыспай келе жатқанын көрсетті.

1–3 қазан аралығында өткен фестиваль тек байқау көрсетілімдерімен шектелмей, пікірталастар, питчингтер мен шеберлік сабақтарына ұласты. Chaplin кинотеатрында алғаш рет көрерменге жол тартқан ЖИ-фильмдер (жасанды интеллект туындылары) заманауи кино өнерінің шекарасы жаңа деңгейге көтерілгенін дәлелдеді.


Әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім

Байқау ережесі бойынша қатысушыларға қойылған басты талап – ұзақтығы 3 минуттан 10 минутқа дейінгі толықтай жасанды интеллект арқылы жасалған («full AI-фильм») қысқаметражды туынды ұсыну болды.

Сұраныс ұйымдастырушылардың күткенінен де асып түсті. Бастапқыда 90 елден 1900 өтінім түсті деп хабарланған болатын. Байқау соңына қарай ұйымдастырушылар 125 елден 8067 өтінім қабылдады. Өтінімдер саны бойынша көшбасшылар қатарында АҚШ (17%), Үндістан (10%), Қазақстан (8%), сондай-ақ Оңтүстік Корея, Қытай, Улыбритания және Италиялық авторлар бар.


«Оскар» деңгейіндегі жюри

Мыңдаған жұмыстың арасынан финалдық бағдарламаға тек 25 үздік туынды іріктеліп алынды. Финалистерді бағалау халықаралық беделді жюри құрамына жүктелді. Олардың қатарында:

  • Одрэ Азуле — ЮНЕСКО-ның экс-генералдық директоры, Францияның бұрынғы Мәдениет министрі;
  • Ма Пин — China Film Group ЖИ-зерттеу институтының деканы;
  • Ван Хао — Бейжің киноакадемиясы анимация факультеті деканының орынбасары;
  • Баладжи Сринивасан — белгілі инвестор әрі кәсіпкер.

Фестивальдің ең толқынысты сәті жүлде қорының таратылуы болды. Қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделі орындар мен арнайы номинация иегерлері анықталды.

  • Гран-при ($450 000): Николай Шестактың (Латвия) «The First Honest Day» фильмі заманауи технология мен терең философияны ұштастырғаны үшін бас жүлдені қанжығасына байлады.
  • 2-орын ($200 000): Абхик Банерджи (Үндістан) – «Sitara» туындысы.
  • 3-орын ($100 000): Ернест Десумбила (Испания) – «Looking For Perseida» фильмі.

Қуантарлық жайт – жеңімпаздар тізімінде отандық режиссердің де есімі бар! Жерлесіміз Мырзахан Жұмахан «IT WAS JUST A JOKE» комедиясымен «Best Character» (Үздік кейіпкер) арнайы номинациясын жеңіп алып, еліміздің абыройын асқақтатты.


Нейрожелілер киноны қалай түсіреді?

Көпшілік үшін «жасанды интеллект түсірген кино» ұғымы әлі де таңсық. Бұл туындыларды жасау үшін мыңдаған долларлық камералар, актерлік құрам немесе арнайы түсірілім алаңдары қажет болмайды.

  • Сценарийді ChatGPT және Claude сияқты мәтіндік ЖИ жазады;
  • Визуалды кадрлар мен кейіпкерлерді Midjourney, Runway, Sora мен Pika нейрожелілері генерациялайды;
  • Дыбыстар мен музыканы Suno және ElevenLabs сияқты платформалар дыбыстайды.

Дәстүрлі Голливуд блокбастерлерінде жылдар бойы дайындалатын визуалды эффектілерді авторлар өз ноутбугінде, бірнеше аптаның ішінде жасап шықты. Бұл – миллиондаған бюджеті жоқ, бірақ идеясы бар талантты режиссерлерге әлемдік деңгейге шығуға берілген үлкен мүмкіндік.


«Бүгінгі AI-кинодағы ең қызықты нәрсе – технологияның өзі емес, авторлардың соны қолданып не жасай алатынында. Фестиваль аясында біз өте ерекше визуалды шешімдерден бастап, оқиғаны баяндаудың мүлдем жаңа тәсілдерін көре алдық. Жасанды интеллект кинематографистер үшін өз идеяларын жүзеге асыратын жаңа құралға айналды» деп бөлісті фестивальдің креативті директоры А. Құсайынов.

AI-кино — әлемдік кинематографияның жаңа бағыты. Фестиваль ұйымдастырушылары мен сарапшылар бұл шараның болашағы зор екенін атап өтті.

Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Мультфильмдерде ҚАТЕ ТҮСІНІК қалыптастыратын СТЕРЕОТИПТЕР бар ма?

ІШ КЕБУІ жиі мазалай ма? Мәселені ЙОГА жаттығулары шешеді

Баланы дәрігерге ҚАЙ ЖАСЫНАН бастап ЖАЛҒЫЗ жіберуге болады?