Елдегі ең ірі газ тарату станциясы жылыту маусымы басталғанға дейін пайдалануға беріледі

0
188

Яғни, станцияны пайдалануға беру 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы басталғанға дейін жоспарланып отыр.


Елдегі ең ірі газ тарату станциясы жылыту маусымы басталғанға дейін пайдалануға беріледі

фото: Акимат Астаны

ERNUR.KZ. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram* парақшасында елорданы газдандыру барысы туралы жазды, деп жазады sputnik.kz.
ӘӘкімнің айтуынша, елорда кезең-кезеңімен газдандырылып, нәтижесінде елді мекендер мен энергия көздері газға қосылып жатыр.
"Қазіргі уақытта Қазақстандағы ең ірі №3 автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жаңа станция құрылыс қарқыны мен энергия тұтыну мөлшері артқан жағдайда қала мен агломерацияны тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - дейді елорда әкімі.
Оның айтуынша, станцияның өткізу қабілеті сағатына 350 мың текше метр газды құрайды. Аршалы ауданынан (Ижевск ауылы) Астананың Оңтүстік-Батыс айналма жолына дейінгі ұзындығы 67,6 шақырым болатын магистральдық газ құбырлары салынды. Қазіргі уақытта газ құбырын сынау жұмысы жүргізіліп жатыр.
"Осыған дейін Астананы толық қамтыған "газ сақинасын" салу жөнінде ауқымды жоба жүзеге асырылды, соның арқасында қала толықтай айналдыра қамтылды. Бұл энергетикалық қауіпсіздікті, газбен жабдықтау сенімділігін және тұрақты гидравликалық режимді қамтамасыз етеді. Станцияны пайдалануға беру 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы басталғанға дейін жоспарланып отыр", - деп жазды Қасымбек.
Сол сияқты жуырда Шұбар елді мекені газға қосылды. Осы жұмыс аясында 7,5 км орташа қысымды газ құбыры, сондай-ақ 31,3 км төмен қысымды ішкі тарату желілері салынды. Нәтижесінде елді мекендегі 890 тұрғын үй газға қосылды.