Балалар туризмінің маңызы тек физикалық белсенділікпен шектелмейді. Ол тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал етеді. Балалар туризмін дамыту тек спорт немесе демалыс саласы емес – ол ұлт болашағына салынған инвестиция. Табиғат аясындағы саяхаттар мен экспедициялар арқылы балалар өз елін сүйіп, оның дамуына үлес қосуға ұмтылады.
Бүгінгі таңда балалар мен жасөспірімдер туризмі – тек демалыс пен серуен емес, тәрбиелік, патриоттық және экологиялық сана қалыптастырудың қуатты құралы. Туризм арқылы бала өз Отанын таниды, табиғатты аялауды үйренеді, өздігінен шешім қабылдауға, топпен жұмыс істеуге және қиындыққа төтеп беруге машықтанады. Қазақстанда бұл бағытқа ерекше назар аударылып, білім беру жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып келеді.
Шымкент қаласында балалар туризмі саласы жыл сайын кеңейіп, жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Мәселен, 2025 жылдың 26 қыркүйегінде Дүниежүзілік туризм күніне орай үйірме білім алушыларының қатысуымен оқу-жаттығу сабағы өткізілді. Бұл шараға барлығы 86 адам, оның ішінде 73 оқушы мен 13 жетекші қатысты. Мұндай оқу-жаттығулар жасөспірімдердің тек физикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, табиғи ортада өмір сүру дағдыларын жетілдіреді.
Балалардың туристік дағдыларын дамыту үшін «Жас құтқарушы», «Жаяу туризм», «Жас турист», «Велотуризм», «Тау туризмі», «Жас құтқарушы турист» және «Жас туризм нұсқаушысы» сияқты 28 үйірме тобы жұмыс істейді. Бұл үйірмелерде 280 бала сабақтан тыс уақытта қосымша білім алып, өмірлік дағдыларын дамытады. Туризмнің техникасы мен тактикасына арналған апталықтар, шеберлік сабақтары мен жарыстар олардың қызығушылығын арттырып, шыдамдылық пен тәртіпке баулиды.
Мәселен, 2025 жылдың 23 қаңтарында өткен «Жас құтқарушы» алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сыныбына 30 қатысушы (оның ішінде 26 үйірме мүшесі) қатысты. Бұл сабақтар балаларды төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге, өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарауға үйретеді.
Сондай-ақ, «Экотуризм – заманауи мүмкіндіктер мен принциптер» атты сабақ барысында 20 оқушы экологиялық мәдениет негіздерін меңгеріп, табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің маңызын түсінді. Мұндай іс-шаралар экологиялық сауаттылықты арттырумен қатар, туған өлкенің табиғи байлығын қорғауға деген сүйіспеншілікті қалыптастырады.
Экспедициялық жасақтар – патриоттық рухтың бастауы
2025 жылдың көктем айларында ұйымдастырылған «Менің Отаным – Қазақстан» атты туристік экспедициялық жасақтардың слеттері – балалар туризмінің ең маңызды кезеңдерінің бірі.
14–15 сәуір күндері өткен мекемеішілік кезеңге 12 команда, жалпы 146 адам қатысты. Бұл жасөспірімдерге туған жердің тарихы мен географиясын зерттеуге, командалық рухты сезінуге мүмкіндік берді.
Одан кейінгі 21–23 сәуір күндері өткен ауданаралық кезеңге 320 адам қатысты. Абай, Әл-Фараби, Қаратау, Еңбекші және Тұран аудандарының мектептері мен қосымша білім беру мекемелерінен келген 24 команда өзара бақ сынады.
Бұдан соң 20–22 мамыр аралығында өткен қалалық кезеңде 262 қатысушы (оның ішінде 200 оқушы) өз шеберліктерін көрсетті. Бұл іріктеу нәтижесінде жеңімпаздар Шымкент қаласының атынан республикалық слетке қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Мұндай көпсатылы жарыстар балаларды жаңа жетістіктерге ынталандырып, өз қаласының намысын қорғауға баулиды. Сонымен қатар, туризм арқылы отансүйгіштік пен ұжымшылдық қасиеттер қалыптасады.
Балалар туризмінің тәрбиелік және әлеуметтік рөлі
Балалар туризмінің маңызы тек физикалық белсенділікпен шектелмейді. Ол тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал етеді. Туристік бағыттағы сабақтар мен экспедициялар барысында бала:
- жауапкершілік пен өз-өзіне сенімділікті қалыптастырады;
- командалық бірлікті, достық пен өзара көмек сезімін дамытады;
- жергілікті өлкенің тарихы мен табиғатын зерттейді;
- қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсінеді;
- шығармашылық ойлау мен логикалық шешім қабылдау дағдыларын дамытады.
Педагогтер мен жетекшілер үшін бұл бағыт тәжірибе алмасу алаңы болып табылады. Туристік және экологиялық бағыттағы оқу-жаттығулар олардың кәсіби біліктілігін арттырады.
Болашақтағы даму бағыты
Қазіргі таңда Қазақстанда балалар туризмін дамыту үшін мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар тарапынан қолдау көрсетілуде. Шымкент қаласы бұл бағытта тәжірибе орталығына айналып келеді. Алдағы уақытта:
- туристік базалар мен лагерьлердің санын көбейту,
- жергілікті маршруттарды жаңарту,
- экологиялық туризм мен этнотуризм бағыттарын дамыту,
- жас туристердің республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуын арттыру көзделіп отыр.
Балалар туризмін дамыту тек спорт немесе демалыс саласы емес – ол ұлт болашағына салынған инвестиция. Табиғат аясындағы саяхаттар мен экспедициялар арқылы балалар өз елін сүйіп, оның дамуына үлес қосуға ұмтылады.
Балалар туризмі – болашақ азаматтың мінезі мен өмірлік ұстанымын қалыптастыратын өмір мектебі. Ол денсаулықты нығайтып, рухани байытады, табиғатты аялауға және елге қызмет етуге баулиды.
Шымкент қаласында қолға алынған туристік үйірмелер мен экспедициялар – осы бағыттың өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Мұндай бастамаларды қолдау арқылы біз өз елін сүйетін, жауапты және белсенді жас ұрпақ тәрбиелей аламыз.


