​Көліктегі пайдасыз функциялар: СӘН БЕ, ӘЛДЕ ҚАЖЕТ ПЕ?

0
255

Бірақ мұндай технологиялар жүргізушінің жұмысын шын мәнінде жеңілдете ме?


​Көліктегі пайдасыз функциялар: СӘН БЕ, ӘЛДЕ ҚАЖЕТ ПЕ?

фото: Porsche

Бүгінгі заманауи автокөліктер бұрынғыдан да «ақылды» бола түсті. Бір түймемен орындықты жылытуға, дауыспен тапсырма беруге, тіпті көлік салонындағы жарықтың түсін өзгертуге болады. Бірақ мұндай технологиялар жүргізушінің жұмысын шын мәнінде жеңілдете ме?

Әрине кейбір функциялар күнделікті қолдануға өте ыңғайлы. Ал енді біреулері көлік бағасының қымбаттауына әсер еткенімен, жүргізушіге аса қажет бола бермейді. Олар қандай функциялар?


1. Салондағы түрлі-түсті атмосфералық жарық

Көліктің салоны көк, қызыл, күлгін немесе жасыл түске боялса әдемі көрінеді. Әсіресе түнгі уақытта интерьерді ерекше етіп көрсетеді. Бірақ оның практикалық пайдасы қандай? Көлік салонының жарығы жылдамдықты арттырмайды, жанармайды үнемдемейді және жол қауіпсіздігін айтарлықтай жақсартпайды. Тіпті салондағы жарық жолды анық көруге кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан бұл функцияны «пайдалы технология» деп айта алмаймыз, интерьердің сәндік элементі деуге болады.


2. Қозғалыс кезінде көңіл-күйге қарай түсін өзгертетін экран

Кейбір заманауи көліктердегі мультимедиялық жүйе немесе интерьер жарығы жүргізушінің таңдауы бойынша өзгереді. Бір қарағанда қызық. Бірақ жүргізуші көлік айдап келе жатып экранның түсін таңдап отыруы керек пе? Мұндай функция алғашқы бірнеше күнде қызық болғанымен, кейін ұмытылып кетеді.


3. Сенсорлы басқарудың шамадан тыс көп болуы

Көптеген жаңа көліктерде батырмалардың орнына сенсорлы панельдер қойылып жатыр. Дизайн жағынан қарағанда бұл заманауи шешім. Бірақ температураны өзгерту немесе дыбыс деңгейін реттеу үшін экранға бірнеше рет қарауға тура келгенде, қарапайым батырманың артықшылығы сезіледі. Әсіресе көлік қозғалыста болған кезде батырманы қолмен басу әлдеқайда ыңғайлы.


4. Өте күрделі дауыстық көмекші

«Hey, car!» деп көлікке пәрмен беріп, кондиционерді қосу немесе музыка ауыстыру — болашақтың технологиясы сияқты. Бірақ жүйе сіздің сөзіңізді түсінбей, бернеше рет қайталауды сұраса, технологияның артықшылығы бірден жоғалады. Дауыстық басқару пайдалы болуы мүмкін, алайда оның нақты тиімділігі жүйенің тілдерді қаншалықты дұрыс танитынына байланысты.


5. Автоматты түрде ашылатын жүксалғыш

Қолыңызда заттар бар кезде жүксалғышты автоматты түрде ашу — ыңғайлы функция. Бірақ мәселе мынада – жүргізушілер бұл функцияға әрдайым мұқтаж емес. Кей адамдар үшін бұл функция өте пайдалы. Ал енді біреулер үшін көлік бағасын қымбаттататын, бірақ жылына санаулы рет қолданылатын мүмкіндік.


6. Панорамалық шатыр

Панорамалық шатыр көліктің ішін кең әрі жарық етіп көрсетеді. Суретке түсіргенде де әдемі көрінеді. Алайда Қазақстанның климатын ескерсек, практикалық тұрғыдан сұрақтар туындайды. Яғни бұл ерекшелік жазда салонның қызып кетуіне әсер етсек, қыста күтіміне қатысты мәселелер болуы мүмкін. Сондықтан оның қажеттілігі әр жүргізушінің талғамына байланысты деу дұрысырақ.


7. Орындықтағы массаж

Ұзақ сапардан кейін массаж жасайтын орындықтың пайдалы екені сөзсіз. Бірақ қала ішінде жұмысқа барып-қайтып жүретін адам үшін оның қаншалықты қажет екені белгісіз.


8. Жүргізушіге өте жиі ескерту жасайтын жүйелер

Заманауи көліктер жүргізушіге жолақтан ауытқығанын, жылдамдықты асырғанын, алдында кедергі барын ескертеді. Бұл жүйелер қауіпсіздікке оң әсерін тигізеді. Бірақ кейбір көліктердегі ескертулердің саны соншалықты көп болғандықтан, жүргізуші олардың бәрін өшіріп тастағысы келуі мүмкін.


Қай функциялар қажет?

«Пайдасыз» деген ұғым әр адам үшін әртүрлі. Бір жүргізуші үшін орындық массажы қажетсіз болса, екіншісі үшін ұзақ жолда таптырмас мүмкіндік болуы мүмкін. Бірақ қауіпсіздікке тікелей әсер ететін — автоматты тежеу, соқтығысу туралы ескерту, соқыр аймақты бақылау сияқты функцияларды жай ғана «артық опция» деп қарауға болмайды. Көлік таңдағанда ең басты сұрақ «бұл функция бар ма?» емес, «мен оны қаншалықты жиі қолданамын?» болуы керек. Өйткені кейде көліктің бағасын бірнеше жүз мың теңгеге қымбаттататын функцияны әдепкіде қызығушылықпен пайдаланамыз да, кейін мүлдем ұмытып кетеміз.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:

Көлікке байқамай ЗИЯН ТИГІЗІП жүрген жоқсыз ба? Жүргізушілер жиі жіберетін қателіктерді біле жүріңіз

Автомобильдегі экрандар НЕ СЕБЕПТІ үлкейіп барады?