Мұны білу аса қиын емес, мына қадамдарды мұқият жасаңыз
Сурет: ЖИ
Күйеуіңіз туралы «Осы ол шын мәнінде не қалайды? Төсекте бірге болғанда ойында не болады?» деген сұрақ төңірегінде ойланып көрдіңіз бе?
Еркектердің қиялы көбіне құпияға толы болады. Бұл олардың тым ұят немесе ерсі нәрсені қалайтынынан емес, жай ғана ашық айтуға қысылуынан. Жұбайының дұрыс түсінбеуінен, күлкіге айналдыруынан немесе бетін қайтаруынан қорқады. Ал шын мәнінде, осы жасырын ойлардың кілтін табу жақындықты мүлдем жаңа деңгейге көтереді.
Неліктен өз қалауын жасырады?
Еркектер әдетте көңіліндегі көп нәрсе туралы тіс жармайды. Бұл үнсіздіктің тамыры тереңде.
Әлеуметтік қысым мен стереотиптер. Бала кезден ұл балаға «сен мықты болуың керек», «жылама, еркексің ғой» деген сөздерді құлағына құяды. Өзінің әлсіздігін, эмоция мен сезімдерін көрсету олар үшін ездік сияқты көрінеді. Ойға келген «өзгеше» қиялын айту көптеген еркектер үшін өзін кем сезінумен пара-пар.
Қабылданбай қалу қорқынышы. Еркек өзінің қалауы оғаш, дөрекі немесе жағымсыз болып көрiнуiнен қорқады. Әйелдің «жоқ» деуі немесе таңырқаған реакциясы өзін-өзі бағалауына соққы болып тиеді. Ол үшін сіздің көзіңізде әрдайым мінсіз болып қалу маңызды.
Тәрбие мен ұят. Көпшілігі төсек қатынасы тақырыбы ашық айтылмайтын ортада өсті. Бұл өзінің нәпсілік ойлары мен тілектері үшін, тіпті онда тұрған ештеңе болмаса да, іштей ұялу сезімін қалыптастырады.
Психологтар мен сексологтардың тәжірибесін сараптай келе, еркектердің сирек айтатын басты тілектерін бөліп көрсетуге болады.
1. Шартсыз қалаулы болу
Бұл – ең күшті әрі көп жағдайда іште қалатын тілек. Еркек жай ғана нәпсісін қандыруды емес, жұбының оны шын қалайтынын, қалай болсын баурап алатынын сезінгісі келеді. Бастаманың әйел тараптан болуы, құмарлыққа толы сыбыр, арбап алатын көзқарас – осының бәрі еркектің өзіне деген сенімділігін арттырады.
Бастаманы өз қолыңызға алыңыз. Оны бірінші болып сүйіңіз. Құшағын сағынғаныңызды айтыңыз. Сіздің шынайы ықыласыңыз ең күшті әсер етуші құрал.
2. Жаңашылдық пен эксперименттер
Бірсарындылық екі тарапты да жалықтырады. Ерлер де жаңа нәрселерді байқап көргісі келеді. «Екеуге» арналған рөлдік ойындар, ойыншықтар, жаңа кейіптер мен жағдайды ауыстыру қызықтырады, еліктіреді. Бұл сіздердің осыған дейінгі «бастан кешкендеріңіз» жаман болды деген сөз емес. Еркектің жаратылысындағы зерттеушілік мінезінің әртүрлілікті талап етуінен туатын табиғи қалау.
Экспериментті өзіңіз ұсыныңыз. Қызықты ойыншық, массажға арналған жұпар май сатып алыңыз. Рөлдік ойынды (мысалы, дәрігер мен пациент» немесе бардағы бейтаныстар) ойнауды ұсыныңыз. Ең бастысы, мұны ешқандай қысылусыз, жеңіл әрі ойнақы түрде жасаңыз.
3. Үстемдік ету және бағыну
Еркектің қиялы көбіне билік төңірегінде өрбиді. Кейбіріне үстем болу, күшін көрсету, өз дегенін жасату ұнаса, енді біреуге бақылауды уақытша серігіне беріп, босаңсу, процесті әйелдің бағыттауына мүмкіндік беру ерекше әсер сыйлайды. Екі сценарий де жай ғана артық ойлардан арылып, сезімге бөленудің жолы.
Серігіңізге қайсысы жақын екенін біліңіз. Жеңіл элементтерден бастауға болады: жібек орамалмен көзін байлаңыз, егер ол қарсы болмай, ырқыңызға көнсе, демек бұл жерде сіз басшысыз. Ал өзін ыңғайсыз сезініп, мазасызданса, орамалды шешіп, кешірім сұрап, «бағынышты байғұс» бола қалыңыз.
4. Жұбының сезімдері жайлы білу
Еркектер ойды оқи алмайды. Жұбына не ұнайтынын, ненің ұнағанын, қай әрекетінің сәтті шыққанын білу маңызды. Сіз ентіккен тынысыңыз, сыбырлаған сөзіңіз, үніңізден ол бәрін түсінеді деп ойлайсыз. Алайда, мұндай белгілердің бәрі барлық ерлер үшін бағдаршам бола алмауы мүмкін. Сондықтан үнсіз қалмаңыз. Не ұнайтынын айтыңыз, оны бағыттаңыз. Соңында алған әсеріңізді, сезімдеріңізді ашық айтыңыз. Бұл оған сенімділік береді әрі құмарлығын арттырады. «Тірлік» біткеннен кейінгі әйелдің үнсіздігі – оның ең үлкен қорқынышы.
5. Төсектен тыс эмоционалды байланыс
Парадокс сияқты көрінгенімен, ең керемет тән жақындығы жатын бөлменің сыртында басталады. Еркек күнделікті өмірде сіздің сыйластығыңызды, мойындауыңызды және қолдауыңызды сезінгісі келеді. Сіздің қасыңызда өзін жайлы сезінсе, құштарлығы еселеп артады. Ал ұрыс-керіс, сынау, кемсіту – белсенділігін жоятын басты факторлар.
Істеріне қызығушылық танытыңыз, жетістіктері үшін мақтаңыз, әрдайым оның жағында болыңыз. Эмоционалды жақындық тән құмарлығының берік іргетасына айналады.
Серігіңіз бірде сізге ең жасырын қиялын сеніп айтты делік. Ал сіз сол үшін ұялып немесе күліп жауап берсеңіз, ол іштей жабылып қалады. Уақыт өте келе күйеуіңіз сізден суып кетсе немесе жатын бөлмедегі жақындық сезімдер арпалысына емес, жай ғана ерлі-зайыптылық міндетке айналып кетсе, таң қалмаңыз.
Еріңіз сізге сырын ашса, мұны үлкен сенімнің белгісі деп қабылдаңыз. Жай ғана «Мен мұны білмедім, ашық айтқаның үшін рақмет» деп жауап қатыңыз. Еш айыптамай, сөкпей тыңдаңыз. Бұл сіздің шекараңызға қайшы келетін нәрсеге бірден келісіңіз деген сөз емес. Тек қана оның қалауына қызығушылық танытыңыз және ойлануға уақыт алыңыз. Дайын емес екеніңізді, бірақ оны тереңірек түсінгіңіз келетінін ашық айтуға болады. Мұндай жұмсақ реакция арадағы жақындықты сақтайды. Серігіңіз өз үнінің сізге жеткенін сезеді, сонымен бірге сіздің жеке шекараңыз аман қалып, ашық диалогқа жол ашылады.
Ал еріңіз ішкі қалауын білдіруге батылдық таппаса ше? Ақылды әйел ешқандай қорқынышсыз сыр ашатын қауіпсіз, сенімді орта қалыптастыра алады.
Қалаулар туралы сөйлесу – ең қиын, бірақ ең маңызды қадам. Бастауға көмектесетін бірнеше әдіс:
- «Мен-хабарлама» әдісін қолданыңыз. «Сен ешөашан жаңа нәрсе байқап көруге ұмтылмайсың» деген сынды айыптаудың орнына, «Мен сенімен бірге жаңа нәрсені байқап көргім келеді» дегендей өз сезіміңізді айтыңыз.
- Өз қиялыңызды бірінші болып айтыңыз. Өзіңізді не толқытатынын бөлісіңіз. Бұл оның да ашылуына қауіпсіз атмосфера жасайды.
- Ашық сұрақтар қойыңыз. Жалпылама «Саған ұнады ма?» емес, «Қай тұсы сен үшін ерекше сезілді?» немесе «Маған қарағанда ойыңа не келеді?» деген сияқты сұрақтар ұсақ детальдарды ашуға көмектеседі.
- Баға бермеңіз және сынамаңыз. Оның қиялындағы қалауын естігенде: «Фу, бұл не деген сұмдық» деуден аулақ болыңыз. Тіпті ол идея сізге ұнамаса да: «Бұл сені несімен қызықтыратынын айтып берші? Жай ғана түсінгім келеді» деп сұраңыз.
- Шағын қадамдардан бастаңыз. Бір сұрағанда бәрін біліп алуға тырыспаңыз, "айта қоймады" деп бұлданбаңыз. Сұрақты қойған соң, еріңіз жауап беруге дайын болмаса, ойлануына уақыт беріңіз. Бірнеше күннен соң қайта қозғап көруге болады.
Есте сақтаңыз! Ерлі-зайыптылардың «түнгі шаруа» жайлы диалогы бірреттік шара емес, үздіксіз процесс болуға тиіс. Әрдайым байланыста болу маңызды.
Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


