Астанада жасөспірімді қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды

0
158

Ол оқиға орнынан ізін суытқан.


Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

ERNUR.KZ. Астанада 17 жастағы жасөспірімді қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытқан Subaru жүргізушісі ұсталды. Көлік иесі Көкшетау бағытына қарай қашпақ болғанымен, тәртіп сақшылары оны жолда құрықтады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Оқиға Астана қаласында басталған. Subaru маркалы автокөлігінің жүргізушісі кәмелетке толмаған жасөспірімді қағып, зардап шеккен жанға көмектесудің орнына оқиға орнынан қашып кеткен.

Жүргізуші қаладан шығып, республикалық тасжол арқылы Көкшетау қаласына қарай бет алған. Елордалық полицейлер дереу бағдар беріп, облыстағы барлық бекеттер мен тасжолдарды бақылауға алды.

Камералардың көмегімен күдікті көліктің сағат 10:10 шамасында жол терминалынан өткені анықталды.

30 минутта құрықталды

Ақмола облысының полицейлері жоғары кәсібилік танытып, қашқынды жарты сағат ішінде қолға түсірді.

Көлік Астана — Щучинск тасжолының 108-шақырымында, Ақкөл қаласына кіре берісте тоқтатылды. Жүргізуші ұсталып, әкімшілік полиция басқармасының іздестіру бөліміне тапсырылды.

Күдікті жақын арада істің мән-жайын толық анықтау үшін Астана қаласының полиция қызметкерлеріне беріледі.

Полиция департаменті жол-көлік оқиғасы орнынан қашу қылмыстық жауапкершілікті ауырлататынын ескертеді.