Астанада халықаралық деңгейде аккредиттелген геологиялық зертханалық кешен құрылады

0
264

Алдағы үш жылда мемлекеттік геологиялық зерттеу жобаларына шамамен 240 млрд теңге қарастырылған.


Астанада халықаралық деңгейде аккредиттелген геологиялық зертханалық кешен құрылады

ERNUR.KZ. Сонымен қатар заңнамалық деңгейде жер қойнауын пайдалану құқығына арналған аукциондардың қол қою бонусынан түсетін қаражаттың 50%-ын мемлекеттік геологияны және геологиялық инфрақұрылымды дамытуға бағыттау нормасы бекітілген. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ӨҚМ Геология комитеті төрағасының м.а. Қанат Ерубаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, сала өзін-өзі қаржыландыру мен тұрақты даму тетігіне ие болуда.

«2027 жылдың наурыз–сәуір айларына қарай мемлекеттік геологиялық зерттеу қорытындысы бойынша алғашқы перспективалы учаскелерді айқындап, оларды аукционға шығара аламыз деген жоспар бар. Бұл инвестициялар ағынын қалыптастырып, бонус түсуін қамтамасыз етеді және экономика үшін мультипликативтік әсерді күшейтеді», – деді Қанат Ерубаев.

Спикердің айтуынша, Астанада Ұлттық геологиялық қызмет базасында сертификатталған және халықаралық деңгейде аккредиттелген зертханалық кешен құрылуда. Жоба геологиялық деректердің халықаралық сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Кешен құрамына заманауи зертханалармен қатар үлгілер мен деректерді сақтауға арналған қоймалар кіреді.

Сондай-ақ спикердің мәліметінше, 2026 жылдың 2-3 сәуірінде Астанада алғашқы Орталық Азия геологиялық форумы өтеді. Қанат Ерубаевтың сөзінше, бұл кәсіби қауымдастықты біріктіруге, жобаларды ғылыми сүйемелдеуге және мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған алаң болады.