​ТАҢЕРТЕҢ БЕ, КЕШКЕ МЕ: жаттығуды қай уақытта жасаған тиімді

0
206

Артық салмақтан арылу үшін таңғы уақыт тиімді


​ТАҢЕРТЕҢ БЕ, КЕШКЕ МЕ: жаттығуды қай уақытта жасаған тиімді

фото: ЖИ

Физикалық белсенділік – саулықты сақтаудың, жалпы жай-күйді жақсартудың маңызды бір жолы. Сондықтан дене жаттығуларымен айналысу салауатты өмір салтының міндетті бөлігіне айналуы тиіс. Осыны түсінген, мойындағандар қатары артып келетінін байқаймыз. Біреулер таңертң, енді бірулер кешкісі, жұмыстан кейін жатығу жасауға тырысып жатады. Алайда ооы тұста көпшілікті мазалайтын бір сұрақ бой көтереді. «Жаттығуды қай уақытта жасаған тиімді: таңертең бе, әлде кешке ме?»

Бұл сұраққа біржақты жауап жоқ. Себебі жаттығу уақыты адамның мақсатына, күн тәртібіне, белсенділік деңгейіне және дене бітіміне байланысты өзгеріп отырады.

Мамандардың айтуынша, жаттығу залында болсын немесе үй жағдайында болсын, ең алдымен дұрыс уақытты таңдау маңызды.


Артық майды жағу үшін таңғы жаттығу тиімді

Таңертең ұйқыдан кейін ағзадағы зат алмасу үдерісі жылдам жүреді, ал қандағы қант мөлшері төмен болады. Сондықтан бұл уақытта ағза энергияны негізінен май қорынан алады.

Мамандардың пікірінше, егер жаттығуды таңғы астан бұрын орындаса, адам көбірек калория жұмсайды. Дегенмен ашқарынға жаттығу жасағанда сақтық қажет. Өйткені шамадан тыс күш жұмсап, тез шаршап қалу қаупі бар.


Бұлшықет өсіруге кешкі уақыт қолайлы

Кешкі уақытта жаттығу жасау бұлшықеттің өсуіне және физикалық күштің артуына жақсы әсер етеді. Бұған тестостерон мен кортизол гормондары ықпал етеді.

Тестостерон бұлшықеттің қалыптасуына көмектессе, кортизол, керісінше, бұлшықет талшықтарын әлсіретеді. Кешкі мезгілде тестостерон деңгейі жоғарылап, кортизол азаяды. Сондықтан кешкі жаттығулар бұлшықет массасын жеңіл әрі тиімді арттыруға мүмкіндік береді.


Белсенділік деңгейі де маңызды

Қазіргі таңда көп адам жұмыс немесе оқу барысында ұзақ уақыт компьютер алдында отырып қимылсыз қалады. Мұндай өмір салты бұлшықеттердің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан кешкі уақытта жаттығу жасап, денені қозғалысқа келтіру пайдалы. Бұл қан айналымын жақсартып, ағзаның сергектігін сақтауға көмектеседі.

Ал күні бойы физикалық еңбекпен айналысатын адамдар кешке қатты шаршап қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда таңертеңгі жаттығу тиімдірек саналады. Таңғы жаттығу ми мен бұлшықеттің сергектігін арттырады. Бірақ шамадан тыс жүктемеден сақ болған жөн.


Күн тәртібіне сай жоспарлау қажет

Әр адамның өмір сүру ырғағы әртүрлі. Егер жұмыс немесе оқу таңертең басталып, кешке дейін созылса, онда кешкі уақыт жаттығуға ыңғайлы болуы мүмкін. Ал күн тәртібін өз бетінше жоспарлай алатын адамдар өздеріне қолайлы уақытты таңдай алады.

Ең маңыздысы, жаттығуды күн сайын бір уақытта жасау. Тұрақты режим ағзаның бейімделуіне және адамның психологиялық тұрғыда тәртіпке үйренуіне көмектеседі.


Дене бітіміне қарай таңдау

Жаттығу уақытын таңдауда адамның дене бітімі де маңызды рөл атқарады.

Эктоморф — бойшаң, арық, зат алмасуы жылдам адамдар. Оларға кешкі жаттығу тиімді, себебі бұл уақытта ағзада калория қоры жеткілікті болады.

Мезоморф — дене бітімі орташа, иығы мен кеудесі кең адамдар. Бұл типтегі адамдар таңертең де, кешке де жаттыға алады. Таңдау адамның мақсаты мен күн тәртібіне байланысты.

Эндоморф — толықтыққа бейім, зат алмасуы баяу адамдар. Оларға таңертеңгі жаттығу артық майдан арылуға жақсы көмектеседі.

Жаттығу жасауға арналған бәріне бірдей қолайлы әмбебап уақыт жоқ. Біреуге таңғы жаттығу пайдалы болса, енді біреуге кешкі уақыт тиімді болуы мүмкін. Сондықтан ең алдымен өз мақсатыңызды, өмір салтыңызды және ағза ерекшелігін ескерген жөн. Ең бастысы, тұрақтылық пен дұрыс режим сақтау. Сондай-ақ, кез келген жаттығудың алдында міндетті түрде қыздыру жаттығуларын жасау қажет. Бұлшықет пен буындарды икемді ету жарақаттану қаупін азайтады.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Иектің алға шығуы сақаулыққа апарады