Қазақстанда әскери қызметшілерге жалақы төлеу тәртібі өзгереді

0
120

Ішкі істер министрінің 28 қыркүйектегі №682 бұйрығына сәйкес, жаңа талаптар 30 қазаннан бастап күшіне енбек.


Қазақстанда әскери қызметшілерге жалақы төлеу тәртібі өзгереді

Фото: Қорғаныс министрлігі

ERNUR.KZ. Қазақстанда Ішкі істер министрлігіне қарасты әскери қызметшілерге жалақы мен жәрдемақы төлеудің кейбір талаптары өзгерді. Енді жұмысқа себепсіз келмеген күндерге ақы төленбейді. Сондай-ақ қылмыстық іске байланысты тергеуге алынған әскери қызметшілердің төлемі мен ақталған жағдайда алатын қаражаты да нақтыланды, деп жазады stan.kz.

Ішкі істер министрінің 28 қыркүйектегі №682 бұйрығына сәйкес, жаңа талаптар 30 қазаннан бастап күшіне енбек.

Әскери қызметші жұмысқа келмесе, жалақысы қалай есептеледі?

Бұдан былай әскери қызметші бір ай толық қызмет атқармаса, ақшасы жұмыс істеген күндеріне қарай есептеледі. Яғни еш себепсіз жұмысқа шықпаған күндері үшін ақша берілмейді. Мұндай жағдайда командир әскери қызметшінің қай күндері болмағанын көрсетіп, арнайы бұйрық шығаруы тиіс.

Қылмыстық іске байланысты тергеуге алынғандар қанша ақша алады?

Жаңа тәртіпте қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген әскери қызметшілерге қатысты да өзгеріс бар.

Егер әскери қызметші күдікті деп танылып немесе оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылып, уақытша командирдің қарамағында болса, осы кезеңде оған ең төменгі жалақы мөлшерінде ақша төленеді. Қазір бұл сома 85 мың теңгені құрап отыр. Дегенмен адамның қылмыстық іске қатысы бар деген күдік дәлелденбесе, тергеу аяқталғаннан кейін ақталған әскери қызметшінің бұрын ала алмаған ақшасы қайтарылады.

Басқа қызметке ауысқандардың жалақысы сақтала ма?

Кейде әскери қызметші бұрынғы орнынан босатылғанымен, жаңа қызметке бірден тағайындалмайды. Мұндай кезде ол уақытша командирдің қарамағында болады. Егер қызметкер басқа лауазымға ауысатын болса, бұрынғы қызметінде алған жалақысы екі айға дейін сақталады. Ал әскери бөлімде құрылым немесе штат өзгеріп жатса, бұл мерзім үш айға дейін созылады.

Далалық оқу-жаттығуға қатысқандар ақшасын қашан алады?

Бір тәуліктен ұзақ уақытқа созылатын далалық оқу-жаттығуларға қатысқан әскери қызметшілерге қосымша ақы қарастырылған. Тиесілі қаражат оқу-жаттығу аяқталып, қызметкер әскери бөліміне оралғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде төленуі тиіс. Ол үшін командир арнайы бұйрық шығарады. Онда оқу-жаттығудың қанша уақытқа созылғаны, қатысқан әскери қызметшілердің аты-жөні, әскери атағы мен лауазымы көрсетіледі.

Жетім балалар қатарындағы әскери қызметшілерге не өзгереді?

Өзгерістер мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға қатысты. Оларға әскерден босатылған кезде берілетін жәрдемақыны рәсімдеу үшін жергілікті әкімдіктің растайтын құжаты қажет. Бұл құжатты әскери қызметшінің өзі іздеп жүрмеуі үшін әскери бөлімдегі жауапты қызметкерлер тиісті мекемеге алдын ала жазбаша сұрау жолдауы тиіс.

Бұдан бөлек, шетелдегі әскери оқу орындарында білім алып жүрген қызметшілерге ақша төлеу тәртібі де нақтыланды. Олардың төлемі халықаралық келісімдер мен жасалған шарттарға қарай есептеледі.
Бұл талаптар Ішкі істер министрлігінің жүйесіндегі әскери қызметшілерге қатысты және 30 қазаннан бастап қолданылады.