Франциядағы жаппай тәртіпсіздік шығыны 1,2 млрд еуроға жетуі мүмкін

0
68

Францияның сауда министрі Серж Папеннің алдын ала бағалауынша, ел бойынша кемінде 3 мың кәсіпорынға шығын келген.


Франциядағы жаппай тәртіпсіздік шығыны 1,2 млрд еуроға жетуі мүмкін

Фото: apnews.com

ERNUR.KZ. Өткен демалыс күндері Францияда болған жаппай тәртіпсіздіктер сақтандыру төлемдерінің мөлшері жағынан елдегі ең ірі оқиғалардың бірі болмақ, деп жазады inform.kz.

Қаржы сарапшыларының бағалауынша, сақтандырылған шығын көлемі 1,2 млрд еуроға жетуі мүмкін. Financial Times сауалнама жүргізген брокерлер де шығын 1 млрд еуродан асатынын болжайды. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың жазында болған тәртіпсіздіктерден келген 700-800 млн еуро шығыннан асып түсті.
— Жаппай тәртіпсіздіктің белең алуы табиғи апаттарға ұқсап барады, — деді Morningstar сарапшысы Маркос Альварес.

Оның айтуынша, жүздеген миллион еуро шығын әкелетін мұндай оқиғалар енді жыл сайын қайталануы мүмкін. Зорлық-зомбылықтың қысқа мерзімде кең таралуы мен инфляция шығыны көлемінің 2023 жылмен салыстырғанда жылдам өсуіне әсер еткен.

Францияның сауда министрі Серж Папеннің алдын ала бағалауынша, ел бойынша кемінде 3 мың кәсіпорынға шығын келген. Бастапқыда бейбіт өткен наразылықтар Париж, Марсель, Лимож және басқа қалаларда жаппай тәртіпсіздікке, тонау мен ғимарат өртеуге ұласқан. Сенбі күні шамамен 2 400 адам ұсталды.

Франция билігі тәртіпсіздіктерден келген шығынды өтеу үшін мемлекет кепілдігімен 4 млрд еуроға дейінгі міндетті сақтандыру жүйесін әзірлеп жатыр. Алайда Еурокомиссияның мақұлдауы қажет болғандықтан, жүйе әлі күшіне енген жоқ. Сондықтан қазіргі шығынды жеке сақтандыру және қайта сақтандыру компаниялары өтейді.