Шарттарымен қалай танысамыз? Дайындықты қашан бастаған дұрыс?
Сурет: ЖИ
Мектепке енді ғана келген жас мұғалім үшін тәжірибелі әріптестерімен қатарласып олимпиадаларға, әдістемелік сайыстарға, басқа да кәсіби байқауларға қатысу оңай болмауы мүмкін. «Әлі тәжірибем аз», «Басқалар менен мықты», «Жеңіске жете алмасам ше?» деген ойлар адымын тұсап, толықтай ашылуға, өз мүмкіндігін қолдануға, көрсетуге кедергі жасайды. Тіпті қанша жерден өзіне сенімді болса да, тәжірибенің маңызы екені рас. Онсыз кәсіби білікті ұстаздармен бақ сынасу жеңіліске ұшыратып, тауын шағуы әбден мүмкін.
Сонда жас маман тәжірибені қалай жинай алады? Оның үстіне, кәсіби дамуды да кшеуілдетуге болмайды. Осы тұста педагогика саласындағы жас мамандар үшін арнайы ұйымдастырылатын байқаулар көмекке келеді.
Олармен танысып, өз бетіңізше ақпарат іздеу арқылы толық танысып, тыңғылықты дайындалыңыз. Тәжірибелілермен тайталасуға жүрексінсеңіз, бағыңызды осы байқауларда сынаңыз. Қатысып, тәжірибе жинаңыз.
Қазақстанда жас педагогтерге арналған республикалық, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі кәсіби байқаулар өткізіліп тұрады. Олардың бірқатары еңбек жолын жаңадан бастаған ұстаздардың шығармашылығын, кәсіби шеберлігін және заманауи оқыту әдістерін қолдану қабілетін дамытуға бағытталған. Алайда қатысушылардың еңбек өтіліне қойылатын талаптар мен байқау шарттары ұйымдастырушыға және нақты жылғы ережеге байланысты өзгеруі мүмкін.
«Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз»
Бұл – еңбек жолын енді бастаған мұғалімдерге қатысуға тұрарлық байқаулардың бірі. Білім беру ұйымдарында 3 жылға дейін педагогикалық еңбек өтілі бар жас педагогтер қатыстырылады.Ұйымдастырушы – ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы. Мақсаты – талантты жас педагогтерді анықтау, инновациялық оқыту әдістерін іздестіру және жас мамандардың кәсіби жетістіктерін республика деңгейінде тарату.
Байқау бірнеше кезеңнен – іріктеу, сабақ панорамасы, заманауи білім беру жобасын қорғаудан тұрады. Жас ұстаздан тек теориялық білім емес, оны сабақ барысында қолдана білу де талап етілуі мүмкін. Мысалы, қатысушы өзінің сабақ беру тәсілін таныстырады, тиімді әдісін көрсетеді немесе білім беру жобасын ұсынады.
Байқаудың нақты атауы өткізілу тәртібі жыл сайынғы ережеге қарай өзгеруі мүмкін. Сондықтан қатысуды жоспарлаған кезде ресми хабарландырудан оның сол жылы өткізілетінін және кімдерге арналғанын тексерген жөн.
Қатысудың пайдасы қандай?
- Сабақ жоспарлау мен оны қызықты өткізу дағдыңызды дамытасыз.
- Өз пәніңізді оқытудың жаңа тәсілдерін үйренесіз.
- Әріптестеріңіздің жұмыс тәжірибесімен танысасыз.
- Өз идеяңызды көпшілік алдында қорғауға машықтанасыз.
- Байқауда жүлделі орын алмасаңыз да, дайындық кезінде жасаған жұмысыңыз кейінгі сабақтарыңызға пайдасын тигізеді.
«Педагогикалық дебют»
Жас мұғалімнің кәсіби жолындағы алғашқы жетістіктерінің бірі – өз білімін іс жүзінде көрсете білу. «Педагогикалық дебют» атауымен өткізілетін байқаулар осы мақсатқа бағытталған. Нгізінен жұмыс өтілі 1 жылдан 3-5 жылға дейінгі жас мұғалімдер, тәрбиешілер мен қосымша білім беру педагогтеріне арналған. Қатысушының педагогикалық ұстанымы, сабақ өткізу шеберлігі, шығармашылық ойлауы және оқушылармен қарым-қатынас орната білуі бағаланады.
Байқау тапсырмаларына мыналар кіруі ықтимал:
- Өзін-өзі таныстыру. Мұғалім өзінің педагогикалық ұстанымын, мамандығын таңдау себебін және алдағы мақсаттарын түсіндіреді.
- Ашық сабақ өткізу. Өз пәні бойынша сабақ үлгісін көрсетіп, қолданған әдістерінің тиімділігін дәлелдейді.
- Педагогикалық жағдаяттарды шешу. Оқушымен, ата-анамен немесе әріптеспен арадағы күрделі жағдайды қалай реттейтінін көрсетеді.
- Жаңа әдіс ұсыну. Цифрлық құралдарды, топтық жұмысты немесе басқа да белсенді оқыту тәсілдерін сабақта қолдану жолын таныстырады.
Бұл байқаудың құнды тұсы – жас ұстаздың өз жұмысын талдап, нені жақсы меңгергенін және қай бағытта дамуы керегін түсінуіне көмектесуі. Қатысушылардың еңбек өтілі мен тапсырмалар тізімін байқаудың ресми ережесінен нақтылаған дұрыс.
«Үздік жас маман» немесе «Жылдың жас ұстазы»
Егер республикалық байқауға қатысуға әлі дайын болмасаңыз, аудандық, қалалық немесе облыстық сайыстардан бастаңыз. Мұндай байқаулар жас мұғалімге өзін таныстыруға, әріптестерімен тәжірибе алмасуға және кәсіби ортаға бейімделуге көмектеседі.
«Үздік жас маман», «Жылдың жас ұстазы» сияқты атаулармен өткізілетін сайыстардың шарттары өңірге қарай ерекшеленеді. Кейбірі мектеп мұғалімдеріне арналса, енді біріне балабақша тәрбиешілері мен қосымша білім беру педагогтері де қатыса алады.
Байқау барысында қатысушылардан мынадай тапсырмалар сұралуы мүмкін:
- Педагогикалық таныстыру. Өзіңіз, мамандығыңыз, кәсіби мақсатыңыз және мұғалімдік ұстанымыңыз туралы айтып бересіз.
- Шеберлік сыныбы. Оқушылардың қызығушылығын арттыратын әдісіңізді көрсетесіз.
- Ашық сабақ. Белгілі бір тақырыпты қалай түсіндіретініңізді және оқушылардың білімін қалай бағалайтыныңызды таныстырасыз.
- Жағдаяттық тапсырма. Оқушының сабаққа қызықпауы, ата-ананың шағымы немесе сыныптағы түсініспеушілік сияқты мәселелерге шешім ұсынасыз.
Мұндай тапсырмалар күнделікті мектеп жұмысында да кездеседі. Сондықтан байқауға дайындалу барысында жасаған жаттығуларыңыз кейін нақты жағдайда көмектесуі мүмкін.
Байқауға қатысқанда жүлделі орын алуды ғана мақсат етпеңіз. Басқа мектептерден келген мұғалімдердің сабақ өткізу тәсілдерін бақылаңыз, пайдалы идеяларын жазып алыңыз. Кейде бір жақсы әдіс сіз үшін марапаттан да құнды болуы мүмкін.
«Дарынды балаларға – талантты ұстаз»
«Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасы Қазақстанның оқу-ағарту саласындағы жас педагогтер мен мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруға арналған басты дәстүрлі байқаулардың бірі. Мектептерде, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарында еңбек ететін, еңбек өтілі аз жас мұғалімдер, педагог-психологтер мен тәлімгерлер қатыса алады. Дарынды оқушылармен жұмыс істеуде нәтижеге жеткен жас ұстаздардың еңбегін бағалау, шығармашылық потенциалын ашу және озық әдістемелік тәжірибені кеңінен таратуды көздейді.
Байқау әдетте 3 негізгі кезеңде өтеді:
- Аудандық/Қалалық іріктеу кезеңі (желтоқсан – қаңтар). Портфолио, эссе және өз-өзін таныстыру тапсырмалары сарапқа салынады.
- Облыстық/Өңірлік кезең (ақпан). Ашық сабақтар, педагогикалық жағдаяттарды шешу және шеберлік сыныптары бағаланады.
- Республикалық финал (наурыз – сәуір). Үздік шыққан жас мұғалімдер өздерінің инновациялық авторлық жобаларын қорғайды және TED форматындағы презентациялар ұсынады.
Негізгі бағалау критерийлері ретінде оқушылардың жетістіктері (олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы көрсеткіштері), оқыту әдістемесінің жаңашылдығы, цифрлық құралдарды тиімді пайдалануы, шешендік сөйлеу шеберлігі, әртістік пен эмоционалды тапқырлық назарға алынады.
Жас педагогтер форумдары мен кәсіподақ байқаулары
Жас маманның кәсіби дамуы тек сабақ өткізу шеберлігімен шектелмейді. Басқа мұғалімдермен танысу, білім беру саласындағы өзгерістерді талқылау, ортақ жоба жасау да маңызды. Осы мақсатта өңірлерде жас педагогтер форумдары, кездесулер, тәжірибе алмасу алаңдары мен түрлі жобалар байқаулары ұйымдастырылуы мүмкін. Оларды білім беру ұйымдары, әдістемелік орталықтар, педагогикалық қауымдастықтар немесе кәсіподақ ұйымдары өткізуі ықтимал.
Мұндай шараларда жас мамандар:
- өзекті педагогикалық мәселелерді талқылайды;
- тәжірибелі ұстаздардың кеңесін тыңдайды;
- білім беру жобаларын таныстырады;
- шығармашылық топтарға қосылып, бірлескен жұмысқа қатысады;
- өз өңіріндегі жас педагогтермен байланыс орнатады.
Мұнда міндетті түрде жүлде алу шарт емес. Кейде өзіңіз сияқты еңбек жолын енді бастаған мұғалімдермен танысудың өзі пайдалы. Олармен ой бөлісіп, сабақта кездесетін қиындықтарды талқылап, бір-біріңізге қолдау көрсете аласыз.
Форумдар мен байқаулардың нақты атауы мен өткізілу мерзімі өңірге қарай өзгеретіндіктен, жергілікті кәсіподақ ұйымының және білім басқармасының хабарландыруларын қадағалаңыз.
«Үздік педагог» байқауына да дайындала беріңіз
Жас маманға арналған сайыстармен шектелудің қажеті жоқ. Алдағы уақытта жалпы педагогтер қатысатын республикалық байқауларға да қатыса аласыз. Солардың бірі – «Үздік педагог» республикалық конкурсы.
Бұл байқаудың талаптары мен қатысу тәртібі тиісті жылғы ресми ережемен анықталады. Сондықтан жас маманның қатысу мүмкіндігін, еңбек өтіліне қойылатын талаптарды және іріктеу кезеңдерін алдын ала тексерген дұрыс.
Әзірге қатысуға мүмкіндік болмаса, оны кәсіби мақсаттарыңыздың бірі ретінде қарастырыңыз. Сабақтарыңыздың сәтті үлгілерін, авторлық тапсырмаларыңызды, оқушылармен жүргізген жобаларыңызды және әдістемелік жұмыстарыңызды жинақтай беріңіз. Бірнеше жылдан кейін осы материалдар кәсіби жетістіктеріңізді көрсетуге көмектеседі. Ал қазір жас ұстаздарға арналған байқауларға қатысу арқылы тәжірибе жинап, өзіңізді сынай аласыз.
Байқауға қатыспас бұрын нені ескеру керек?
Бір байқауға дайындалу үшін бірнеше апта, кейде одан да көп уақыт қажет болуы мүмкін. Сондықтан алғашқы сайысты таңдағанда өз мүмкіндігіңізді бағалап, талаптарын мұқият оқыңыз.
- Қатысу талаптарын тексеріңіз. Еңбек өтілі, лауазым, пән, жұмыс орны және басқа да талаптар әр байқауда әртүрлі болуы мүмкін. «Жас мамандарға арналған» деген атауына қарап қана шешім қабылдамаңыз.
- Ресми хабарландыруды іздеңіз. Мектеп әкімшілігінен, аудандық немесе қалалық білім бөлімінен, облыстық әдістемелік орталықтан және кәсіподақ ұйымынан ақпарат сұраңыз. Әлеуметтік желідегі хабарландыруды көрсеңіз, ұйымдастырушының ресми парақшасынан тексеріңіз.
- Өзіңізге жақын бағытты таңдаңыз. Егер сабақ беруді жақсы меңгерсеңіз, ашық сабаққа негізделген байқау қолайлы болуы мүмкін. Ал жаңа идеялар ұсынуға бейім болсаңыз, педагогикалық жоба немесе шығармашылық сайысты қарастырыңыз.
- Құжаттарыңызды жинақтаңыз. Сертификаттар, дипломдар, алғыс хаттар, әдістемелік әзірлемелер, ашық сабақтардың жоспарлары мен жобаларыңызды бір жерге сақтаңыз. Әр құжаттың қайда және қашан берілгенін белгілеп қойған да ыңғайлы.
- Нәтижеге ғана емес, үйренуге де көңіл бөліңіз. Бірінші рет қатысқанда қобалжу қалыпты жағдай. Міндетіңіз бәрін мінсіз орындау емес, өзіңізді сынап, келесі жолы нені жақсартуға болатынын түсіну.
Кәсіби жолдың басында бәрін білу міндет емес. Жеңіске бірден жетпесеңіз де, өзіңізді жеңілген адам санамаңыз. Маңыздысы – үйренуге дайын болу, қателіктен қорықпау және өз мүмкіндігіңізді біртіндеп дамыту. Байқауға дайындалған уақытыңыз, ізденгеніңіз, үйренгеніңіз – осының бәрі кәсіби дамуыңызға қосылған үлес. Тәжірибе жинау үшін алдымен өзіңізге мүмкіндік беру керек. Сондықтан қорықпай қатысып, бағыңызды сынаңыз. Жас маманның жаңа идеялары, цифрлық технологияларды меңгеруі, оқушылармен жұмыс істеуге деген ынтасы оның артықшылығына айналуы мүмкін. Ең бастысы – өзіңді сынап көруден қорықпау.
Дайындаған: Х. ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


