Дербес деректер туралы заңнама бұзылған жағдайда моральдық зиянның өтемін алу құқығы "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңның 24-бабында бекітілген.
Фото: pixabay
ERNUR.KZ. ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов 2026 жылғы 21 қазанда ОКҚ-да өткен брифингте дербес деректері тарап кеткен қазақстандықтардың өтемақы алу мүмкіндігі мен қайда жүгінуі керегін түсіндірді, деп жазады zakon.kz.
Оның айтуынша, дербес деректер туралы заңнама бұзылған жағдайда моральдық зиянның өтемін алу құқығы "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңның 24-бабында бекітілген.
"Әрбір жағдай, соның ішінде моральдық зиян үшін төленетін өтемақы мөлшері сотта жеке қаралады. Азамат сотқа дербес деректерінің қайда және қандай жағдайда тарап кеткенін, сондай-ақ өзіне қандай материалдық залал немесе моральдық зиян келтірілгенін негіздейтін дәлелдер ұсынуы қажет", – деді Бейбіт Біржанов.
Ол сот әр істің мән-жайын жеке бағалап, өтемақы мөлшерін белгілейтінін атап өтті. Бұл ретте азаматтардың дербес деректерінің таралуына байланысты келтірілген материалдық залалды өтеудің бөлек рәсімі қарастырылмаған.
Журналистер дербес деректер банктің кінәсінен тарап кеткен жағдайда азаматтар қайда жүгінуі керек екенін де сұрады: тікелей қаржы ұйымына ма, әлде полицияға ма?
"Егер дербес деректердің банктің кінәсінен тарап кеткені анықталса, банкке және бір мезгілде құқық қорғау органына, яғни полицияға жүгіну қажет. Сондай-ақ Қазақстан аумағында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты уәкілетті органға – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне хабарлау керек", – деді ол.
Бұған дейін ІІМ Dodo Pizza-ға жасалған кибершабуылға қатысы бар деген күдікпен Қазақстан азаматының ұсталғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берген еді.


