Жалбыздан түрлі дәм дайындауға болады.
Жаз мезгілінде қалай арықтаудың амалын таппай жүрсіз бе? Ендеше аптап ыстықта сізге көмекке келетін бір-ақ нәрсе бар, ол – жалбыз. Жалбыздың калориясы да аз, мысалы 100 грамында – 70 ккал. Жалбыз шайы шөлді қандырып қана қоймай, денедегі ісікті қайтарып, тәбетті басатын және асқорытуды жақсартатын қасиеттерге ие. Сондықтан да бұл хош иісті өсімдікпен арықтау өте тиімді.
Ең әуелі жалбыз қосылған пайдалы сусынды дайындап алу қажет. Жалбызды көк шаймен немесе зімбірмен қосып демдеуге болады. Сонымен қатар, соңғы уақытта көп айтылып жүрген – жалбыз, зімбір, лимон және қияр қосылған сусын да зат алмасуды жақсартып, арықтауға септігін тигізеді. Аталған сусындардың барлығы дерлік метаболизмді жақсартады.
Егер жалбыз ағзаның жұмысын қалыпқа келтіріп, сымбатыңызды сымдай етуге көмектескенін қаласаңыз, жалбыз шайын ішумен қатар, дұрыс тамақтануды қолға алып, физикалық жаттығулармен айналысуға тура келеді. Бұларды қоспасаңыз, арықтау мүмкін емес. Ол үшін тамақтану мәзірінен қуырылған, ащы, майлы тағамдарды алып тастап, оның орнына буда, пеште піскен, қайнатылған тағамдарды қосасыз. Ал жалбыз қосылып дайындалған сусынды күні бойы ішу керек.
Жалбыз диетасы
Таңертең: қияр, зімбір, лимон және жалбыз қосылған сусын, жидектер қосып дайындалған ботқа, 1 жұмыртқа және какао.
Екінші таңғы ас: Жеміс-жидектер мен жалбыздан дайындалған смузи.
Түскі ас: пайдалы жалбыз сусыны, кәді қосылған езбе-сорпа, өсімдік майы мен көкөністерден әзірленген рагу.
Бесін ас: Сүзбе мен жидектерден дайындалған пісірме пирог.
Кешкі ас: Лимон мен жалбыз қосылған пеште піскен балық, көкөніс салаты, жалбыз шайы.
Жалбыз қосып дайындалатын тағамдар мәзірі
Жалбызбен арықтау кезінде тек пайдалы тағамдарды әзірлеуге тырысыңыз. Бұл диета сонда ғана нәтижелі болмақ. Олай болса, ас мәзіріне қосуға болатын біраз тағамдардың мәзірін ұсынамыз!
Жидектерден дайындалған лимонад
Блендермен кез-келген жидекті езіп алып, 1 стақанына 150 мл газдалған су құйыңыз. Сонымен бірге 200 гр. көк шай керек. Барлығын бір ыдысқа құйып, мұз салып, 1-2 тал жалбыз қосып, 10 минуттан кейін іше беруге болады.
Смузи
Жалбыз, киви, манго, бірнеше салат жапырағын блендермен араластырып, езіп аласыз. Осы араласпаға 1 стақан су құйып, тағы бір араластырып жіберу керек. Сусын дайын!
Жасыл бұршақтан езбе-сорпа
Ең алдымен жасыл бұршақты қайнатып, пісіріп алу қажет. Содан соң 30 гр. жалбыз қосып, тағы да 5 минуттай қанатасыз. Кейіннен сорпаны блендермен езіп жіберсеңіз болғаны, езбе-сорпамыз да дайын! Дайын езбеге 50 гр. сүт пен азырақ тұз қосып, іше беруге болады.
Жалбыз тұздығы қосылған балық
Өзіңіздің қалауыңызша балық алып, оның барлық жеріне тұз жағып шығасыз. Лимон шырынын себелеп шығыңыз. Сосын пешке салып пісіресіз.
Ал жалбыз тұздығын дайындау үшін, 20 гр. жалбыз, 10 гр саумалдық пен күнзе, бір тіс сарымсақ қосып, майдалау қажет. Азырақ апельсин шырыны, зәйтүн майы мен су қосып, дәміне қарай тұз салып, араластырасыз. Піскен балықты дәл осылай дайындалған тұдықпен жеген өте пайдалы.
Көкөністерден дайындалған салат
Бірнеше салат жапырағын алып ірілеп турап, 2 дана қиярды жұқалап турайсыз. Қызанақты да дәл солай турауға болады. Барлығын бір табаққа салып, оған 1-2 тілім лайм мен майлдалап туралған жалбызды қосып, барлығын жасқылап араластыру керек. Соңында зәйтүн майы мен лимон шырынын құйып, бір араластырып жіберіңіз.
Ірімшік пен қарбыз салаты
500 грамм қарбызды текшелеп турап аласыз. Оған 200 гр. фета ірімшігін кесектеп турап, қосу керек. Енді тұздықты дайындайық, ол үшін 50 гр. жалбызға 1 қасық қант, 1-2 шай қасық алма сірке суы мен 1-2 шай қасық зәйтүн майын, лимон шырынын қосып, барлығын араластырасыз. Тұз бен бұрыш салуға да болады. Осы тұздықты қарбыз бен ірімшікке қосып, барлығын араластырасаңыз, салат та дайын!
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: