Германияда Z буынының наразылығы ондаған қаланы қамтып, қақтығысқа ұласты

0
115

Кельн полициясының мәліметінше, қала орталығындағы шеруге қатысушылар пиротехникалық заттарды қолданғаннан кейін құқық қорғау органдары су атқыш көліктерді пайдаланған.


Германияда Z буынының наразылығы ондаған қаланы қамтып, қақтығысқа ұласты

Фото: Boris Roessler/dpa/picture alliance
ERNUR.KZ. Францияда өмір сүру құнының өсуіне қарсы басталған наразылық толқыны Германияға да жетті. 31 қазанда елдің ондаған қаласында жастар шеруге шығып, кейбір жерлерде акция полициямен қақтығысқа ұласты. Ел бойынша наразылыққа ондаған мың адам қатысқан, деп жазады Stan.kz.

Германияның ірі қалаларында "Z буыны бәрін реттейді!" (Gen Z regelt) жастар қозғалысының өкілдері наразылық акциясын өткізді. Олар өмір сүру құнының қымбаттауына, білім беру саласын қаржыландырудың жеткіліксіздігіне, экологиялық мәселелерге және әскерге міндетті шақырудың қайта енгізілуі мүмкін екеніне қарсылық білдірді. Кельн мен Гамбург қалаларында жағдай ушығып, полиция су атқыш көліктер мен тәртіпсіздіктерге қарсы арнайы жасақтарды жұмылдырды. Ал Берлинде наразылық акциялары негізінен бейбіт өткен.

Кельн полициясының мәліметінше, қала орталығындағы шеруге қатысушылар пиротехникалық заттарды қолданғаннан кейін құқық қорғау органдары су атқыш көліктерді пайдаланған. Бұған дейін кейбір қатысушылардың бетін бүркеп, пиротехника қолдануына байланысты жоспарланған шеру тоқтатылған.


Гамбургте де полиция қоршауларды өртеп, төтенше қызмет өкілдеріне шабуыл жасағандарға қарсы әрекет етуге мәжбүр болған. Қозғалыс ұйымдастырушылары наразылықтың бейбіт сипатта өтетінін мәлімдеген. Олар қатысушылардан, тіпті мерекелік костюм киген жағдайда да, бетін ашық ұстауды сұраған.

"Біз өз болашағымызға қатысты шешімдердің өзіміздің қатысуымызсыз қабылданғанын бұдан былай сырттай бақылағысы келмейтін жастарымыз", – делінген қозғалыс сайтындағы мәлімдемеде.

Полиция өз кезегінде қабылданып жатқан шаралар бейбіт шерушілерге емес, қоғамдық тәртіпті бұзған және зорлық-зомбылыққа бейім адамдарға бағытталғанын атап өтті. Ел бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Берлинде сақтық мақсатында Курфюрстендамм көшесіндегі кейбір дүкендердің витриналары тақтаймен жабылған.

Германиядағы жастар қозғалысы Еуропадағы наразылықтар аясында өтіп жатыр. Францияда да "сары жилеттер" мен студенттердің жаңа шерулері ұйымдастырылған. Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ел бойынша наразылыққа 320 мың адам қатысқан. Оның 70 мыңы Парижде жиналған. Құқық қорғау органдары 296 адамды ұстаған.

Сондай-ақ Франция билігі қоғамдық тәртіптің бұзылу қаупіне байланысты қосымша 70 мың полицейді жұмылдырған. Ренн қаласында бейбіт шеруден кейін бірнеше жүз агрессивті қатысушы полицияға шабуыл жасап, ғимараттарды өртеген.