Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі дрон шабуылынан зардап шеккен болуы мүмкін

0
87


Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі дрон шабуылынан зардап шеккен болуы мүмкін

ERNUR.KZ. 1 қарашаға қараған түні Ресейдің Нижегород облысына көптеген дрон шабуыл жасады. Шабуыл кезінде өнеркәсіп нысандарының бірі зақымданған. Алдын ала мәлімет бойынша, кәсіпорынға айтарлықтай зиян келген. Украиналық бақылау арналары Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі шабуылға ұшырағанын мәлімдеді, деп жазады Ulysmedia.kz.

Нижегород облысының губернаторы Глеб Никитин Кстово ауданындағы өнеркәсіп нысанына шабуыл жасалғанын растады. Ол кәсіпорынның атауын жариялаған жоқ, бірақ нысанның қатты зақымданғанын хабарлады.

Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Қазір мамандар кәсіпорынға келген шығын көлемін анықтап жатыр.

Қалпына келтіру жұмыстарына байланысты кейбір тұрғын үйлерде электр жарығы уақытша өшіп, ыстық су мен жылу беруде іркілістер болуы мүмкін.

Қай зауытқа шабуыл жасалуы мүмкін?

Украиналық Exilenova+ және Supernova+ Telegram арналары шабуылға «Лукойл-Нижегороднефтеоргсинтез» мұнай өңдеу зауыты ұшырауы мүмкін екенін жазды.

Олардың мәліметінше, дрон соққысынан кейін кәсіпорын аумағында өрт шыққан.

Болжам бойынша, өрт мұнай өңдейтін қондырғылар орналасқан аумақты шарпыған. Алайда өрттің нақты қай жерде шыққаны және зауыттың қаншалықты зақымданғаны әзірге белгісіз.

Шабуылға дәл осы мұнай өңдеу зауыты ұшырағаны ресми түрде расталған жоқ.

Қанша дрон атып түсірілді?

Губернатордың айтуынша, бір түнде Нижегород облысының аспанында 100-ден астам дрон атып түсірілген.

Ал Ресей Қорғаныс министрлігі Нижегород облысын қоса алғанда, елдің 17 өңірінде Украинаға тиесілі 235 дронның жойылғанын мәлімдеді.

Зауыт бұған дейін де шабуылға ұшыраған

«Лукойл-Нижегороднефтеоргсинтез» мұнай өңдеу зауытына 2026 жылы бірнеше рет дрон шабуылы жасалған.

Тамыз айында бірнеше өндірістік қондырғысы мен басқа да нысандары зақымданғаннан кейін кәсіпорын жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.

Reuters агенттігінің бұған дейінгі мәліметінше, қыркүйекте зауыт әдеттегі өндірістік қуатының төрттен бірімен ғана жұмыс істеген.