Аластау сонымен бірге, тазалық пен амандықтың да кепілі ретінде қолданылды.
ото: YouTube скриншот
Аластау қазақ арасында көне дәуірден келе жатқан анимистік және тотемдік наным-сенімге негізделді.
Аластау - адамдарды бәле-жаладан, көз тию, сұқтан сақтауға бағытталған әртүрлі әрекеттер арқылы атқарылады. Оттың көмегімен жасалады. Аластау сөзінің түбірі алас от деген мағынаны білдіреді.
Ауру-сырқаудың бәрi адамға жын-шайтан, албасты, әзәзiл мен перiлердiң соғуынан жабысады деп саналғандықтан, әрбiр көшкен сайын киiз үйдi де, малды да, мүлікті де аластайды.
Аластау сонымен бірге, тазалық пен амандықтың да кепілі ретінде қолданылды. Келін босаға аттағанда аруақтарға арнап отқа май құяды. Келіннің енесі май құйылған отқа алақанын қыздырып алып, келіннің бетін сипайды. Бұл келіннің «жүзі жылы, өзімізге ыстық» болсын деген ниетті білдіреді. Баланы бесікке бөлердің алдында егде тартқан әйел бесікті аластайды. Мейлі күндіз, мейлі түн болсын бесікті шақпақ немесе май шам сияқты жарық шығаратын заттармен бас-аяғын айналдыра үш рет аластап, барып бөлейді:
Алас, алас, баладан алас,
Түрлі-түсті пәледен алас,
Көзі жаманның көзінен алас,
Тілі жаманның тілінен алас,
Алас, алас, алас,
Қыла гөр Алла пәлеңнен қалас.
Жын-шайтан, жаман күштерді қуу үшін көптеген аймақтарында арша ағашымен, кейбір аймақтарында адыраспан мен тұзды араластырып аластау кездеседі. Жын-шайтандар жоламасын деп жаңа тіккен үйді де кептірілген адыраспан шөбін тұтатып аластаған. Ал, бақсы-балгерлер науқасты емдеген кезде жын-шайтандарды отпен қоса пышақ, қанжар, қылыш көмегімен қуалап, аластаған. Жын-шайтандарды аластап, қуалау үшін алдымен аруақтарын, пірлерін, жындарын көмекке шақырған. Сонымен ежелгі наным-сенім бойынша қазақы ортада от үйдің жарылқаушысы, «ошақ басы от қасының» желеп-жебеушісі ретінде айырықша қастерленді.
Аластау — оттың киелi қасиетiне сенуден пайда болған тазарту тәсiлi, ұшықтаудың бір түрі. Сонда аластау рәсімі ежелден орныққан отқа табыну жосынынан бастау алады деуге болады. От тұтатып онымен бесікті, босағаны, тағы басқа жерлерді аралата «алас, алас, ауру-сырқаудан алас, тіл мен көзден алас» деген сияқты магиялық сөздер айтады. Мұны жөн білетін, ем-домнан да хабары бар адамдар атқарды. Мал індеті шыққан кезде түрлі шаралар жасалған соң арша, адыраспан сияқты өсiмдiктердi тұтатып қораны да аластаған. Аластау - дәстүрлі тәңіршілдік дүние-танымнан, отқа табынудан қалған ырым. Мақсаты - көз, тіл тигенді қайтару, ауру-сырқау, індет-кесел сияқты жамандықтарды, үйді бәле-бетерден аластау арқылы тазалау. Ол екі түрлі мәнде — ел аумағын, мал өрісін, мекен-жайды кесір-кесапаттан сақтау үшін және адам мен малды ауру-сырқаудан айықтыру үшін қолданылған:
Ежелгі қазақтар отты тазалық иесі, зұлымдыққа қарсы тұратын құдіретті күш, киелі нәрсе санаған. Сондай-ақ, қазақтар қыстаудан-жайлауға, жайлаудан-қыстауға қоныс аударарда көш керуенін лаулап жанған екі оттың арасынан айдап, «алас-алас, әр пәледен халас» (араб. — арылу, бостандық алу; төлеу, өтеу) деп ырымдаған. Жаңа үйге қоныстанарда бөлменің бұрыш-бұрышына от жағып, немесе адыраспан, арша тәрізді емдік қасиеті мол өсімдіктердің түтінімен бәле-бәтірді Аластау салты қазіргі кезге шейін сақталған.
Жамандық наным-сенімді ұстанған ежелгі қазақтар адам мен малға тиетін індет атаулының иесі, яғни, құдайы –«бәдік» деп түсінген. Бақсылар от айнала қобыз тартып, сарнау айтып, мал-жанның кеселін Аластауға, жансыз нәрселерге көшіруге тырысқан. Жауыздық пен кесапат кесік (Аңғырат —Майныу) жоқшылық пен ізгілік иесімен, (Ақұра-Мазда) көмегімен жеңіп шығуға болады деп ұғынған. Бәдік айтып, ауруды Аластау нышандары ауыз әдебиетінің нұсқаларында мол ұшырасады. Мысалы, «Айт дегеннен айтамын-ау бәдікті, Қара мақпал тоным тозды әдіпті, от оттамай, су ішпей жата берсе, Бәдік емей немене бұл кәдікті. Көш! көш, көш!…» Сонымен қатар аурудан өлген малдың басын сырлап, адам мен жан-жануардың аяғы баспайтын жерге көміп тастау немесе сырқат адамды күн батарда далаға алып шығып, су бүркіп, от айналдырып Аластау ырымы да бар.
Жинақтаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: