Бұл әдістер жұқарған жүйкені, шытынаған психиканы психологқа бармай-ақ реттеуге көмектеседі.
Сурет: syr-preprod-cg16.archimed.fr
Санасын сан сұрақ торласа, өзін жоғалтып алса, отбасында мәселе орын алса, психикасына зақым келсе, жантану маманын іздейтіндер бұрын саусақпен санарлық еді.
Қазір бұл саланың құндылығын ұғынып, қажет кезде жүгінетіндер, «стресс», «депрессия» сөздерінің салмақты диагноз екенін мойындайтындар қатары артқан. Көпшілік үшін жүйке мен жан дертінің емін психолог-психотерапевтен іздеу қалыпты қабылдана бастағаны қуантады.
Дегенмен бұл қит етсе психолог іздеп тұра жүгіру керек дегенді білдірмейді. Кейде мазасыз ойлардан арылу, жаныңызды жайландырып, жүйкені тыныштандыру үшін дене терапиясының қарапайым техникаларын орындау да жеткілікті болуы мүмкін. Мысалы, мынадай...
1. Жастыққа айқайлау
Қатты. Бар даусыңмен. Әдемі айқайлауға, үніңді бақылауға тырысудың қажеті жоқ. Соңғы уақыттарда жаныңа батқан, жүйкеңе тиген, бірақ сыртқа шығармай, ішіңе жұтқан жағымсыз әсерлердің бәрін даусыңды қарлықтырып тұрып, айғайлап «түкіріп таста». Бұл симпатикалық жүйке жүйесін басып, босаңсу әсерін береді. Денеге ең керектісі де – осы. «Бұлай айқайлап, жынды болам ба?» деме. Керісінше, ол сені жындыға айналудан сақтайды. Күйзелістің ішіңде қатып қалуына жол бермейді. Бес минут жастыққа айқайлау бір сағаттық терапиядан жақсы.
2. Еденде жер бауырлап жылжу
Иә, кесіртке не жылан сияқты. Телефонсыз, музыкасыз, мағынасыз. Кез келген бағытта 3–4 минут жер бауырлап сырғы. Сол арқылы алғашқы моторлық қозғалыс паттерндерін іске қосасың. Бұл маңдай бөлігіндегі артық жүктемені азайтады. Ойлар мен мазасыздыққа, уайымға толып, ап-ауыр боп тұрған басыңды ғана сезінуді доғарып, тұла бойыңды сезінесің. Бұл техникадан кейін жылау, себепсіз күлкі қысу немесе эмоциялық босаңсу орын алуы мүмкін. Қорықпаңыз, ол қалыпты.
3. Денені сілку
Ересек адамдар қорқынышты физикалық жолмен қалай шығару керегін ұмытқан. Ал балалар мен жануарлар әр қауіптен кейін дірілдейді. Бұл адреналинді шығарудың табиғи тәсілі. Ендігі жерде ештеңеден қорықпасаң да ауық-ауық денеңді дірілдетіп, сілкіп тұр. Тербелу емес, билеу емес, сілку. Қолды, аяқты, жақты, иықты, қозғалтуға болатын барлық дене мүшесін. Бағыт-бағдарсыз, мақсатсыз, бейберекет қимылмен. 2 минуттық сілкіністен кейін бойың босаңсиды.
4. Көзді жұмып бөлме ішін кезу
Адам ауыр ойларға, уайымға берілген сайын жүйке жүйесі көру сезімінен көмек сұрап, соған иек арта береді. Көзге күш салып, бұрынғыдан белсенді жұмыс істеуіне итермелейді. Оны алып тастау үшін көзіңізді жұмып алып әрлі-берлі жүріңіз. Ең дұрысы – бөлме-бөлмелерді аралау. Баяу, қолмен сезініп. Нысанасыз. Мұндайда ми бірден басқа сезім мүшелерінің (есту, сезіну, сипап сезу, тыныс алу) жұмысын күшейтеді. Бұл ішкі гипербақылауды әлсіретіп, сенсорлық тұрақтандыру процесін оятады.
5. Басыңды сипау
Басты сипалау арқылы теріге тактильді стимул беріледі де, окситоцин бөлінуін іске қосады. Бұл нәрестелердің анасынан алатын сезімі, ал ересектерге оның жетіспейтіні рас. Осылайша, қауіпсіздік биохимиясы іске қосылады.
Жоғарыда айтылған техникалар – денені, жүйке жүйесін, эмоцияны табиғи жолмен реттеуге арналған, қарапайым әрі қолжетімді тәсілдер. Иә, сырт көзге оғаш көрінуі мүмкін. бірақ «Мұны жасасам, өзгелер күледі» деп өзіңізге тоқтау салмаңыз. Жасап көріңіз, өйткені осындай «ақымақтық» әрекеттер кейде психологтан да артық көмектесуі мүмкін.
Аударған: А. Бектұрғанова,