Шымкентте 350-ге жуық жас сарбаз әскери ант қабылдады

0
188

Әскери ант қабылдаған жас сарбаздар алдағы уақытта Шымкент қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік қызметке кіріседі.


Шымкентте 350-ге жуық жас сарбаз әскери ант қабылдады

ERNUR.KZ. Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6506 әскери бөлімінде жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шарада еліміздің әр өңірінен шақырылған 350-ге жуық сарбаз Отанға адал қызмет етуге серт берді.

Әскери бөлімнің саптық алаңында өткен салтанатты рәсімге 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Кенжебек Тукешов, әскери қызметшілер, ардагерлер, сондай-ақ жас сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.
Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстары мен Астана қаласынан әскер қатарына шақырылған жас азаматтар бір айдан астам уақыт бойы арнайы дайындықтан өтті. Осы кезеңде олар әскери тәртіпке бейімделіп, саптық және дене даярлығынан өтіп, жауынгерлік қызметтің негізгі талаптарын меңгерді.
Салтанатты рәсім әскери бөлімнің Жауынгерлік туын алып шығудан басталып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Бұдан кейін жас сарбаздар сап алдында әскери ант мәтінін оқып, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, ел қауіпсіздігін қорғауға және әскери борышын абыроймен атқаруға ант берді.
Жиында сөз сөйлеген 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Кенжебек Тукешов жас сарбаздарды өмірлеріндегі маңызды қадаммен құттықтап, әскери антқа адал болудың жауапкершілігін атап өтті. Сондай-ақ бөлім ардагерлері мен ата-аналар жас жауынгерлерге ақ тілектерін білдіріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Әскери ант қабылдау рәсіміне арнайы келген ата-аналар мен туған-туыстар үшін бұл күн ерекше әсерге толы болды. Олар ұлдарының әскери сапта Отан алдындағы борышын өтеуге серт берген сәтіне куә болып, қуаныштарын бөлісті.
Салтанатты шара соңында әскери музыканың әуенімен қатар-қатар сап түзеп, «Мен қазақпын» әнін орындаған жас сарбаздарға жиналған қауым үлкен қошемет білдірді. Сонымен қатар әскери оркестрдің плац-концерті мен дефиле қойылымдарын да көпшілік ризашылықпен тамашалады.
Айта кетейік, әскери ант қабылдаған жас сарбаздар алдағы уақытта Шымкент қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік қызметке кіріседі.