Түркістанда Отан қорғаушылар күні аталып өтті

0
340

Қорғаныс министрлігінің және Ішкі істер саласы бойынша әскери шен тапсырылды.


Түркістанда Отан қорғаушылар күні аталып өтті

Түркістанда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биылғы Отан қорғаушылар күні мерекесі – Ұлы Отан соғысының батыры, алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы тұлғалардың құрметіне отаншылдықты, ерлікті дәріптейтін іс-шаралар өтуде. Бүгін Түркістанда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған шара өтті. Мерекелік жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, әскерилерді құттықтады.


«Ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген қанатты сөзі бар. Сол ұстанымға адал болу – баршамыздың міндетіміз! Туған ел мен жерді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Қазақ мемлекетін қалыптастыру жолында тарихта аты алтын әріптермен жазылған ұлы баһадүрлердің ұрпақтары әлсіз болмауы тиіс. Сондықтан 18-ден асқан ұландарымыз әскерге барып, Отанға қызмет етуге міндетті. Ал еліміздің Қарулы күштері қатарында демографиясы жоғары Түркістан жастарының көп болуы – заңдылық. Мемлекетіміз отаншыл, батыр, адал ұрпақпен толыға берсін. Шекарамыз бүтін, аспанымыз ашық, күніміз шуақты, әскеріміз қуатты болсын! Әрдайым бейбітшілік салтанат құрып, Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін! Отан қорғаушылар күні құтты болсын!», – деген облыс басшысы әскерилерге құрмет көрсетіп, марапаттады.


Жиында «Ұлттық ұлан» сарбаздарының әскери шеруі өтті. Қолбасшы облыс әкіміне баянат жасады. Қазақстан Республикасының Гимні орындалды. «Ұлттық ұлан» №6506 әскери бөлімі сарбаздарына Қорғаныс министрлігінің және Ішкі істер саласы бойынша әскери шен тапсырылды.


Өңір басшысы бұдан соң әскерге шақырушыларды шығарып салу рәсіміне қатысты. Әскерге аттанушылармен кездесіп, ақ тілегін арнады. 100 орындық облыстық жинақтау бекетінің жалпы жағдайымен танысып, әскерге шақырушылардың жатын бөлмелерін аралап көрді. Тамақтану орнын және шақырушылардың психологиялық тесттен өту барысымен, облыстық медициналық комиссияның жұмысымен танысты. Мамандар жастар денсаулығының жақсарғанын атап өтті.


Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша былтыр 4500-дей жас әскерге аттанды. Биыл да өрендер әскери бөлімдерге жіберіледі. Облыста әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстар жанданып жатыр. Білім ұяларында оқушылар мен студенттерге ерлік пен елдіктің маңызы дәріптелуде. Қоғамда әскери салаға деген қызығушылық артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.