Павлодарда тісін емдеткен 3 жасар қыз үш тәуліктен бері комада жатыр

0
150

Бүлдіршіннің туысының сөзінше, жедел жәрдем көлігінде баланың жүрегі тоқтап қалған.


Павлодарда тісін емдеткен 3 жасар қыз үш тәуліктен бері комада жатыр

Фото: pexels.com
ERNUR.KZ. Павлодарда стоматологияға барып, тісін емдеткен үш жасар қыз комаға түсті. Ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады, деп жазады Stan.kz.

Бүлдіршін 21 қазан күні Лермонтов көшесі, 100/2 мекенжайында орналасқан стоматологияға барып тісін емдеткен. Содан кейін жағдайы күрт нашарлаған.


Әйелдің айтуынша, баланың көзі аударылып, тыныс алуы бұзылған. Алайда дәрігер емдеу шарасын тоқтатпай, жұмысын жалғастыра берген. Баланың анасы жағдайдың дұрыс емес екенін айтып, дабыл қаққан. Сол сәтте дәрігер “өтеді де, кетеді” деп жауап берген .

“Кабинетте шұғыл көмек көрсетуге қажет жағдай болмаған. Әпкем жедел жәрдем шақыруды сұрап айғайласа да, оған ешкім құлақ аспаған. Кейін көрші кабинеттегі медбике әпкемнің жанайғайынан соң жедел жәрдем шақырған. Бала есінен танып, аузынан көбік шыққан. Ал дәрігер медициналық көмек көрсетудің орнына шетке қарай қашып, баланы құтқаруға әрекет жасамаған. Соның салдарынан уақыт жоғалттық. Балаға қандай ем жасалғаны және қандай дәрі егілгені белгісіз”, – деп жазды туысы.

Бүлдіршіннің туысының сөзінше, жедел жәрдем көлігінде баланың жүрегі тоқтап қалған.

“Павлодар облыстық балалар ауруханасында да жүрегі қайта тоқтаған. Қазір қыз үш тәуліктен бері аурухананың жансақтау бөлімінде ес-түссіз, комада жатыр. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Баланың жағдайы өте ауыр”, – деп жазды туысы.

Оқиғаға қатысты жарияланым астына бірнеше тіс мамандары пікір қалдырған. Олар барлық ем-шара медициналық хаттамаларға сәйкес жүргізілетінін мәлімдеген.

“Оқиғаның мән-жайы мен себебін анықтау үшін тексеру жүріп жатыр. Тексеру аяқталғанға дейін клиника қызметкерлерінің кінәсі туралы қандай да бір қорытынды жасауға әлі ерте. “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекстің 273-бабына сәйкес, науқастың медициналық және жеке деректерін жариялауға құқығымыз жоқ. Сондықтан емдеу барысының егжей-тегжейін көпшілік алдында түсіндіре алмаймыз. Біз сындарлы диалогқа дайынбыз және жұртшылықты тек ресми деректер мен уәкілетті органдардың тексеру қорытындыларына сүйенуге шақырамыз”, – делінген клиника хабарламасында.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы баланың жағдайы өте ауыр екенін растады.

“21 қазанда сағат 15:45-те жедел жәрдем бригадасы 2023 жылы туған қызды Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Бала бірден жағдайы өте ауыр күйде жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазір ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер қарқынды ем жүргізіп жатыр. Сонымен қатар алдағы емдеу тактикасын келісу үшін Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының және Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың мамандарымен кеңесіп отыр. Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері күн сайын консилиум өткізіп, баланың жағдайындағы өзгерістерді және емнің тиімділігін бағалайды. Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі”, – делінген хабарламада.