Келушілер назарына шебердің 34 гобелен туындысы мен 20 фотосуреті ұсынылды.
Шымкент қаласындағы Концерттік-көрме орталығында қазақтың ұлттық гобелен өнерінің дамуына зор үлес қосқан суретші Батырбек Туғанбайұлы Өтептің 80 жылдығына арналған «Өнерімен өрілген ғұмыр» атты көрме өтті.
Мерейтойлық көрме суретшінің бай шығармашылық мұрасын кеңінен таныстырып, ұлттық өнердің көркемдік қуаты мен рухани құндылығын дәріптеуге арналды.
Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек сөз сөйлеп, суретшінің қазақ өнеріндегі орны мен оның еңбектерінің кейінгі ұрпақ үшін маңызына тоқталды. Сонымен қатар ол Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің мерейтойға арналған құттықтау хатын оқып берді.
Сәрсен Құранбек өз сөзінде суретшінің шығармашылық мұрасын сақтап, туындыларын насихаттауға және есімін кейінгі ұрпаққа танытуға үлес қосып жүрген суретшінің жары Бибайша Өтеповаға алғыс білдірді.
Көрме аясында суретшінің өмірі мен шығармашылық жолына арналған бейнеролик көрсетілді. Келушілер назарына шебердің 34 гобелен туындысы мен 20 фотосуреті ұсынылды.


