Түркістанда кітап оқуды дәріптейтін іс-шара өтті

0
109

Рухани іс-шараның екінші кезеңі рух сардарына арналды.


Түркістанда кітап оқуды дәріптейтін іс-шара өтті

Түркістанда кітап оқуды дәріптейтін рухани іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ. QULAGER.KZ.

Түркістан қаласы әкімдігі мен «Фараб» кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітап оқитын ұлт – зерделі қоғам» атты рухани-мәдени іс-шара өтті. Алқалы жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, сөз сөйледі.

– Қадірменді зиялы қауым! Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны баршаңызға мәлім.

Бүгінгі келелі жиын – осынау бірегей бастаманы жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Кітап – ақылына ақы сұрамайтын дос. Бүгінгі жиын төрінде аға толқын зиялы қауым өкілдері отыр. Жетекші буынның ізін жалғаған жастар қатысуда.

Алдымызда отырған ата-әжелеріміз бен ағаларымыз – кітаппен тәрбиеленген буын. Өскелең ұрпақ осынау өнегелі дәстүрді жалғастыруы қажет деп есептеймін, – деді қала әкімі.

Қонақтар кітап көрмесін тамашалап, сөреге қойылған құнды еңбектермен танысты.

Ақыл-ой айнасына айналған құнды кітаптар арасында Фараби мен Ясауи кезеңінің еңбектері, мемлекеттігіміз дәуірлеген кезең мен тәуелсіздік таңында жазылған кітаптар назарға ұсынылды. Замана жаршысына айналған құнды кітаптар да сөреден орын алды.

Рухани іс-шараның екінші кезеңі рух сардарына арналды.

Ұлт руханиятының ұлықпаны – Өзбекәлі Жәнібеков тұлғасына арналған «Өзбекәлі Жәнібек кім?» аталатын ғұмырнамалық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбектің қаламынан туған тың туынды таныстырылды.

Қала әкімі «Өзбекәлі Жәнібек – халқымыздың жоғын түгендеп, барын бағалаған, ұлттық құндылықтарды сақтап, оларды келер ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек еткен бірегей тұлға» дей келе, кітап авторының еңбегін жоғары бағалады.

Қатысушылар аталған кітаптың тарихи тұлғаның тағылымды мұрасын кеңінен насихаттап, оны жас ұрпаққа танытудағы маңызы зор екенін атап өтті.

Бөлісу