​ЕСТУ қабілетінің НАШАРЛАУЫНА не себеп болады?

0
254

Тоқтаусыз дыбысты тыңдау құлақты шаршатады


​ЕСТУ қабілетінің НАШАРЛАУЫНА не себеп болады?

Сурет: ЖИ

Заманауи өмір ырғағы мен технологиялық даму күнделікті тұрмысқа жайлылық сыйлағанымен, денсаулығымызға байқалмайтын қауіптерді де ала келді. Бүгінде есту қабілеті төмендегендер қатары жиілеп барады. Егде жастағы адамдар ғана емес, жастар мен ересектер арасында да жиі орын алуда. Бірден-бір себебі – гаджеттерді үздіксіз қолдану, құлаққаппен қатты музыка тыңдау және тоқтаусыз қала шуы.


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемдік статистика:

  • Қазіргі таңда жер шарында белгілі бір дәрежеде есту қабілеті төмендеген адамдардың жалпы саны – 1,5 миллиардтан астам
  • Мүгедектікке әкелетін ауыр есту бұзылысы бар және оңалтуды (есту аппараттары, кохлеарлы импланттар) қажет ететін адамдар саны – 430 миллион. Олардың ішінде 34 миллионы – балалар
  • Әлемдегі 60 жастан асқан адамдардың әрбір төртіншісі есту қабілетінің едәуір төмендеуімен бетпе-бет келеді

Қазақстандағы статистикаға келсек:

  • Ресми түрде есту қабілеті бұзылған, нашар еститін немесе мүлдем естімейтін (саңырау) 150 000-200 000 азамат тіркелген.
  • Ресми есеп бойынша, есту қабілеті бұзылған және арнайы түзету-педагогикалық немесе медициналық көмекті қажет ететін балалар саны 30 00-нан асады.
  • Тек Алматы қаласының өзінде есту қабілеті төмендегендер қатарында 10 000-нан астам тұрғын тіркелген.

Дәрігерге тексерілмей, есту қабілетінің нашарлауын қартаюға немесе шаршауға жаба салатындарды есепке алғанда, бейресми көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

Құлақтың есту қабілеті – ағзамыз күн сайын үзіліссіз атқарып тұрған өлшеусіз еңбек. Тұп-тура аяқтың мыңдаған қадамды жүргеніндей, қолдың ауыр заттарды көтергеніндей, асқазанның асты қорытқанындай... Бірақ оны көбіміз «еңбек» деп қарамаймыз.

Шын мәнінде, есту қабілеті – мидың секунд сайын мыңдаған дыбыс сигналын өңдейтін күрделі жұмысы. Егер миға құлақтан дыбыстық ақпарат аз түссе, бұл басқа функцияларға да әсер етеді. Айталық, есте сақтау қабілеті нашарлайды, зейін қою қиындайды, тіпті көңіл-күй де өзгереді.

Құлақтың да маңызды ағза мүшесі екенін қызметін нашар атқара бастағанда байқаймыз. Есту де үлкен жұмыс. Оны атқарам деп құлақ та шаршайды. Оған да демалыс керек. Мұны есту қабілеті төмендей бастағанда ғана еске алмай, ертерек ескерген абзал. Есту протездеу орталықтарының негізін қалаушы, аудиолог Н. Дикопольцев осыны ескерте отырып, есту қабілетіне зиян тигізетінін факторларды атап өтті.


Күн сайын құлағымызды не құртады?

Құлақты біртіндеп тоздыратын – күнделікті қайталанатын, өзіміз еш зияны жоқ деп ойлайтын елеусіз әдеттеріміз.

Құлаққаппен музыканы қатты тыңдау құлақты тоздырушылар қатарында бірінші орынды алады дейді маман. Егер құлаққап тағып отырғанда айналадағы дыбысты естімейтін болсаңыз, демек ондағы әуен дауысы қауіпті деңгейде қатты тұр деген сөз.

Көшенің, көліктің, метроның, өндірістік жұмыс орнының тұрақты шуы – аудиолог екінші кезекте осыларды атады. Айналадағы дыбыстарды естімеуге арналған құлаққаптар – еріккендер ғана қолданатын ермек емес. Шулы ортада сағаттап жүрген құлақ шаршайды да, дыбысты сезу қабілеті төмендейді. Сондықтан шулы жерлерде арнайы қорғаныш құралдарын қолданған жөн. Дыбысы орташа болса да, құлаққапты сағаттап тастамай жүру де зиян.

Шулы клуб, концерттер, тойдағы даңғаза дауыс. Мұндай жерлерден кейін құлақ бітеліп, шыңылдап қалатыны бар. Шулы ортаға бір рет барғаннан есту қабілеті бірден жоғалып кетпейді. Бірақ мұндай ортаға бару жиі қайталанса, есту қабілетінің нашарлауына әкеледі.

Жас ерекшелігі, денсаулық және дәрі-дәрмектер. Сарапшының айтуынша, бұлар да естуге әсер етуі мүмкін. Сол үшін денсаулығыңызды қадағалап, алғашқы белгілер байқала бастағанда-ақ дәрігерге көрінген абзал.

Мақта таяқшалары естуді нашарлатады. Көпшілігіміз құлақты гигиеналық мақта таяқшаларымен тазалауды әдетке айналдырғанбыз. Бірақ Америкалық Оториноларингология – Бас және мойын хирургиясы академиясы, басқа да көптеген ЛОР дәрігерлері бұған қатаң тыйым салады. Мақта таяқшасы құлақ ішіндегі табиғи бөлінетін бұлықты тазаламайды, керісінше оны дабыл жарғағына қарай итеріп, тығын түзеді. Бұл есту қабілетін уақытша бұғаттап, құлақтың қабынуына (отит) әкеледі. Құлақ – өзін-өзі тазалайтын ағза, сондықтан тек сыртқы бақалшығын жуу, сүлгімен немесе ылғал сулықпен сүрту жеткілікті.


Есту қабілеті нашарлауының алғашқы белгілері

Бұл процесс бірден басталмайды және бірден білінбейді. Бастапқыда елеусіз белгілері болады.

  • Адамдармен сөйлесуден тез шаршайсыз. Ми естімей қалған сөздерді өз бетінше іздеп, алдыңғы және кейінгі ақпараттаға қарай болжап, құрастырып отыруға мәжбүр болғанда тым көп энергия жұмсайды. Соның салдарынан достармен кешкі ас ішіп отырып-ақ, демалып, энергия жинаудың орнына, өзіңізді әбден әлсірегендей сезінесіз. Сарапшы Н. Дикопольцевтың айтуынша, ми жылдар бойы осылай жұмыс істесе, кейін есте сақтау мен зейінге қуат қалмайды. Бұл мидың басқа да когнитивті проблемаларына ұласады.
  • Адамдар кейде күбірлеп сөйлеп тұрғандай көрінеді. Бәрі сөзді шайнап сөйлеп жатқан сияқты болады. Шын мәнінде, олардың дикциясы бұзылған жоқ, жай ғана құлағыңыз кейбір дыбыс жиіліктерін қабылдауды қойды.
  • Теледидардың дауысын қаттырақ қоясыз. Үйдегілер «дыбысты азайт» дейді, ал сізге бәрі қалыпты сияқты көрінеді.
  • Шулы жерде адамдардың әңгімесіне түсіне алмай қаласыз. Кафеде немесе қонақта бірнеше адам бірдей сөйлесе, миыңыз олардың дауыстарын бөліп-жара алмайтынын сезесіз.


Не істеу керек?

Кем дегенде сағатында бір рет 20 минут тыныштықта отырып, құлақ пен миға демалыс беріңіз.

Ең жақсы жаңалық – есту қабілетінің нашарлауын тоқтатуға, тіпті қайта қалпына келтіруге болады. Сол арқылы есте сақтаудың нашарлауы, зейіннің шашырауы, деменция қаупін де азайтуға болады. Ол үшін бірінші кезекте мәселені мойындау керек.

Өзіңізден сұрап көріңізші:

  1. Фен мен миксердің дауысы жүйкеңізге тие ме?
  2. Әйелдер мен балалардың дауысы ер адамдарға қарағанда түсініксіздеу болып естіле ме? Айтылған сөзді жиі қайталауды өтінесіз бе?
  3. Егер осы сұрақтардың кем дегенде екеуіне «иә» десеңіз, құлағыңызды тексертетін уақыт келді.

Егер құлағыңыз шуылдаса, бітеліп қалғандай болса, күңгірлесе, кенеттен естімей қалып, кейін қайта ашылса, «өзі кетіп қалар» деп күтпеңіз. Өз бетіңізше тамшы дәрі қолданудан немесе халық емдерін жасаудан аулақ болыңыз. Ерте басталған ем әлдеқайда нәтижелі болады, сондықтан дереу маманға барыңыз.

Алдымен ЛОР (оториноларинголог) дәрігеріне барып, құлақ жолында физикалық кедергінің (тығын, қабыну) бар-жоғын тексертіңіз.

Егер физикалық бұзылыс болмаса, есту жүйкесі мен мидың сигнал қабылдауын тексеретін сурдолог немесе аудиолог маманына өтіп, аудиография (есту тестін) тапсырыңыз.

Дәрігер қажет деп тапса, есту аппараттарынан тағайындайды. Оны тағудан қорықпаңыз, қымсынбаңыз. Көзілдірік тағуды қалыпты қабылдаймыз ғой, бұл да сондай құрал. Ол миға дыбысты қайта беріп, өмірдің қызығын толық сезінуге көмектеседі.


Құлаққап таңдау және «60/60» алтын ережесі

Егер құлаққапсыз өміріңізді елестете алмасаңыз, мына екі ережені жадыңызға түйіп алыңыз:

  • Құлақ арнасының ішіне кіріп тұратын вакуумдық құлаққаптардан сәл алшақ болып, құлақты сыртынан жауып тұратын үлкен құлаққаптарды таңдаңыз. Олар дыбысты дабыл жарғағына тікелей соқпай, жұмсағырақ жеткізеді.
  • Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) стандартына негізделген«60/60» ережесін ұстаныңыз. Ереже бойынша, гаджеттегі дыбыс деңгейін 60%-дан асырмаңыз және құлаққаппен 60 минуттан артық үздіксіз музыка тыңдамаңыз.

«Құлақты қатты музыка тыңдап жаттықтыруға болады» деген — бос сөз. Керісінше, бұдан ми мен құлақ жүйкесі шаршайды. Құлақты артық шудан қорғаған дұрыс.

Дайындаған: Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ОБЫРДЫҢ 10 БЕЛГІСІ: мұны әр әйел білуге тиіс