ТҮРКІСТАН: Түлкібас ауданы Өзбекстан өңірлерімен ынтымақтастықты нығайтуда

0
99

Тараптар ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм, мәдениет, спорт және инвестиция салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендіктерін жеткізді.


ТҮРКІСТАН: Түлкібас ауданы Өзбекстан өңірлерімен ынтымақтастықты нығайтуда

Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаевтың Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары аясында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту және туризм саласындағы озық тәжірибелерді зерделеу бағытында бірқатар маңызды кездесулер өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сапар барысында Ташкент облысының Бостанлық және Паркент аудандарымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Құжаттар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, инвестиция тартуға, туризмді дамытуға, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайтуға және тәжірибе алмасуға бағытталған.

Кездесулерге Ташкент облысы әкімдігінің өкілдері қатысып, өңірлер арасындағы әріптестікті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм, мәдениет, спорт және инвестиция салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендіктерін жеткізді.

Жұмыс сапары аясында аудан делегациясы Ташкент облысындағы бірқатар заманауи туристік нысандардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, таулы аймақта орналасқан демалыс кешендері, туристік-рекреациялық аймақтар мен тұрғын үй-туристік жобалардың инфрақұрылымы зерделенді.

Делегация халықаралық талаптарға сай салынған қонақүйлердің, виллалардың, демалыс орындарының, аспалы жолдардың және отбасылық туристік кешендердің жұмысымен танысып, туристік инфрақұрылымды дамытудағы тиімді тәжірибелерді қарастырды. Сондай-ақ «Чарвақ» су қоймасы жағалауында жүзеге асырылып жатқан туристік-рекреациялық жобалар мен жағалауды абаттандыру жұмыстары назарға алынды.

Сапар барысында туристерді тарту, инвестиция көлемін ұлғайту, сервистік қызмет сапасын арттыру және табиғи ерекшеліктерді сақтай отырып туризмді дамыту бағытындағы жобалар жан-жақты талқыланды.

Өзбекстанға ұйымдастырылған жұмыс сапарының негізгі мақсаты – «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы мен Түлкібас ауданының туристік әлеуетін дамытуға қажетті озық тәжірибелерді зерделеу, кәсіпкерлер арасында байланыс орнату және инвестициялық жобаларды іске асырудың тиімді тетіктерін үйрену.

Нәтижесінде қол жеткізілген келісімдер мен тәжірибе алмасулар Түлкібас ауданының туристік инфрақұрылымын жетілдіруге, халықаралық байланыстарын кеңейтуге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді деп күтіліп отыр.

Бөлісу