ТҮРКІСТАН: Сауықтыру лагерьлерінде санитарлық талаптар қатаң бақылауға алынған

0
99

Биыл Түркістан облысындағы сауықтыру лагерьлерінде 35 500 баланы қамту жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: Сауықтыру лагерьлерінде санитарлық талаптар қатаң бақылауға алынған

Түркістан облысындағы сауықтыру лагерьлерінде санитарлық талаптар қатаң бақылауға алынған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында 27 маусымдық және жыл бойы жұмыс істейтін 2 сауықтыру лагері санитариялық-эпидемиологиялық бақылауда. Оның ішінде 24 лагерь санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға өтініш білдірсе, 18 лагерь тиісті рұқсат құжаттарын алып, өз жұмысын бастады. Қалған нысандардың құжаттары қаралып, санитариялық талаптарға сәйкестігі қаралуда. Бұл туралы баспасөз жиынында Түркістан облысының санитариялық эпидемиялогиялық департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов мәлімдеді.

"Биыл Түркістан облысындағы сауықтыру лагерьлерінде 35 500 баланы қамту жоспарланған. Сонымен қатар, 25 маусым мен 26 тамыз аралығында өңірде 851 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істеп, онда 230 мыңға жуық баланың жазғы демалысы ұйымдастырылады. Осылайша облыс бойынша жазғы демалыс кезеңінде жалпы саны 265 мыңнан астам бала түрлі сауықтыру және демалыс бағдарламаларымен қамтылмақ. Лагерьлердің ашылуы алдында тамақтануды ұйымдастыру, ауыз су сапасы, медициналық қызмет көрсету, қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден өтуі және аумақтардың санитариялық жағдайы бойынша кешенді бағалау жүргізілді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бассейн суларына вирусологиялық және паразитологиялық зерттеулер жасалып, ауыз су мен топырақ сынамалары зертханалық бақылаудан өткізілді. Санитариялық талаптарға толық сәйкес келген нысандарға ғана қызметін бастауға рұқсат берілді. Жаз мезгілінде кене арқылы таралатын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында лагерь аумақтарында кенелерге қарсы залалсыздандыру шаралары жүргізіліп, лагерьлер тұрақты бақылауға алынған"-деді спикер.

Айта кетейік, балалардың дұрыс тамақтануын ұйымдастыру үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының бұйрығымен балаларды сауықтыру ұйымдарына арналған 10 күндік және 24 күндік үлгілік мәзірлер бекітілген. Мәзір құрамында ет, балық, сүт өнімдері, жармалар, көкөністер мен жемістер қарастырылып, балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес тағам мөлшері белгіленген. Сонымен қатар, дәрумендірілген таңғы ас пен маусымдық жеміс-жидектер енгізілген.

Бөлісу