ТҮРКІСТАН: Сарыағаш ауданының кіреберіс төлқұжаты салтанатты түрде ашылды

0
307

Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жергілікті тұрғындар қатысты.


ТҮРКІСТАН: Сарыағаш ауданының кіреберіс төлқұжаты салтанатты түрде ашылды

Сарыағаш ауданының кіреберіс төлқұжаты салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сарыағаш ауданының сәулеттік келбетін айшықтап, өңірдің ажарын аша түсетін жаңа кіреберіс төлқұжат ел игілігіне пайдалануға берілді. Қазығұрт ауданымен шектесетін аумақта бой көтерген бұл нысан ауданның өзіндік келбетін танытып, қонақтарды қарсы алатын маңызды символдық орынға айналды.

Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Іс-шара барысында ауданның Құрметті азаматтары Әбілқасым Досболов пен Мұстапа Сүлейменов, сондай-ақ Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов сөз сөйлеп, жаңа нысанның аудан үшін маңызы зор екенін атап өтті. Олар бұл бастама Сарыағаштың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен сәулеттік келбетінің жаңаруына серпін беріп, ауданның мәртебесін арттыра түсетінін жеткізді.

Айта кетейік, бұл жоба демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылды. Ауданның көркеюіне бағытталған игі іске Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Салимов демеушілік жасап, туған жердің дамуына өзіндік үлесін қосты. Жиналған жұртшылық демеушінің өңірге деген жанашырлығы мен азаматтық ұстанымына жоғары баға берді.

Салтанатты іс-шара аясында қатысушылар жаңа нысан маңына ағаш көшеттерін отырғызып, ауданның жасыл желегін көбейтуге атсалысты. Бұл игі іс қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың жалғасы болды.

Кіреберіс төлқұжат орналасқан аумақ толық абаттандырылып, көше жарықшамдары орнатылған. Сонымен қатар тұрғындар мен қонақтардың жайлы тынығуына арналған орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылған.

Жаңа нысан – Сарыағаш ауданының қарқынды дамуының, туған жерге деген жанашырлық пен елдік мүддеге қызмет етудің жарқын үлгісі. Бұл сәулеттік кешен ауданның көркін арттырып қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін дамытуға және ауданның жағымды имиджін қалыптастыруға өз үлесін қосады.

Бөлісу