Құжат аймақтарда инновациялық экожүйелер құруға бағытталған.
Түркістан облысы әкімдігінің ғимаратында Өңірлік ғылыми кеңес отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев төрағалық етті. Тиісті салалық басқармалардың өкілдері мен кеңес құрамы қатысып, бірқатар маңызды тақырыптарды талқылады.
Күн тәртібінде Ғылыми кеңес мүшелерінің жаңа құрамын ұсыну, Өңірлік ғылымды дамыту, осы бағытта жергілікті атқарушы органдардың бюджеті есебінен ғылыми бағдарламаларды қаржыландыру және кеңес отырысының шешімін шығару мәселелері қаралды.
Бұл жұмыстар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025 жылғы наурыз айында бекітілген әдістемелік ұсынымы негізінде жүргізіледі. Аталған әдістемелік ұсыным «Ғылым және технологиялық саясат туралы» ҚР Заңы мен ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №248 қаулысымен бекітілген 2023-2029 жылдарға арналған ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес әзірленген. Құжат аймақтарда инновациялық экожүйелер құруға бағытталған.
Әдістемелік ұсынымдағы жергілікті атқарушы органдардың рөлі – бюджеттік бағдарламалар арқылы қаржыландыру көздерін анықтау, өңірлік қажеттіліктерге сай ғылыми-техникалық басым бағыттарды белгілеу, Ғылыми жобаларға тапсырыс беруші ретінде қатысу, өңірлік ғылыми кеңесті құру және үйлестіру. Сондай-ақ «Инновациялар сласындағы белсенділік деңгейі, %» атты ұлттық индикатордың өңірлік деңгейдегі декомпозициясы бойынша ЖАО-ға қолданбалы ғылым мен коммерцияландыруға бағытталған гранттар беру, ғылыми кеңестер өткізу, инновациялық хакатондар ұйымдастыруға кәсіпорындармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру сынды міндеттер жүктеліп отыр. Ал, Ғылыми кеңес өз қызметінде жобаларды іріктеу, ғылыми сараптама жүргізу үшін сарапшылар пулын қалыптастыру, ұсынымдар дайындау, кеңес құрамына ЖОО, ҒЗИ, бизнес, қоғам өкілдерін енгізуді атқарады.
Облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова кадрлық өзгерістерге байланысты кеңестің жаңа құрамына енетін мүшелерді таныстырды. Тізімге ғалымдар, жас зерттеушілер, коммерцияландыру мамандарын қосып, университеттің инфрақұрылымдық базасының мүмкіндігін қолдану керектігін айтты.
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова және вице-ректоры Айнаш Ошибаева сөз алып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жанар Амангелдіқызы ұлттық индикатордың көрсеткіштерін іске асыруға дайын екенін білдірді. Білім ордасындағы зерттеу лабораторияларын да пайдалануға мүмкіндік мол. Айтуынша, арнайы талдау жүргізу қажет.
Жиынды қорытындылаған Бейсенбай Дәулетұлы жұмысшы органды анықтау, комиссия құру, өңірде сұранысы жоғары салаларды белгілеу және бекіту, бюджеттік комиссияға ұсыну, БАҚ-да тұрақты жариялау, семинарлар өткізу, ХҚТУ-дегі зерттеу орталығының жұмысымен танысу туралы тапсырма жүктеді.