Алаяқтың сансыз қоңырауынан қалай сақтанамыз?

0
487

Бірнеше функция мен сервистер мазасыз қоңыраулардан арылуға көмектеседі. Үш түрлі амалын айтамыз.


Алаяқтың сансыз қоңырауынан қалай сақтанамыз?

фото: aif.by

Қазір халық алаяқтардың арбау мақсатындағы сансыз қоңырауынан әбден зәрезап болған. Өз құрылғысында сақталмаған бейтаныс нөмір хабарласса, қоңырау үнімен бірге ішкі дабыл, күмән мен қорқыныш, ашу сияқты сезімдер қатар ойнай жөнеледі. Алаяқтардың нысанына бір іліксең бітті, бірнеше күн телефонға тыным жоқ. Қадалған жерінен қан алуды көздеп, бір немесе бірнеше нөмірмен жүз рет қоңырау шалып, жүйкеңді жұқартады. Дәл осындай жағдайдан жүйке мен уақытыңызды сақтау үшін смартфонды қалай баптау керек? Бірнеше функция мен сервистер мазасыз қоңыраулардан арылуға көмектеседі. Үш түрлі амалын айтамыз.

1. Алдымен мамандар Android-тың стандартты функцияларын пайдалануды ұсынады. Оларды дұрыс баптау арқылы спам-қоңыраудан қорғануға болады. Қажетсіз нөмірлерді өзіңіз бұғаттай аласыз. Ол үшін қоңыраулар журналын ашып, мазаңызды қашырған нөмірді таңдап, «Бұғаттау» батырмасын басыңыз. Қатарынан екі-үш қоңырау шалған нөмірді осылай бұғаттасаңыз, сіздің оңай жемтік емес екеніңізді ар жақтағф алаяқтар да ұға қояды да, сізге тастаған қармағын кері қайтарады.

2. Бұған қоса, Android жүйесінде автоматты сүзгілеу функциясы бар. Бұл — құрылғыңызда сақталмаған бейтаныс нөмірлер сізге қоңырау шала алмайтын режим. Ол үшін "Баптау" бөліміне кіріңіз. Әрі қарай «Телефон менеджері» – «Бұғатталғандар» – «Бұғаттау ережелері» – «Қоңырау бұғаттау ережелері» – «Бейтаныс нөмірлерді бұғаттау» мәзірлерін кезек ретімен таңдаңыз.

3. Стандартты мүмкіндіктерден бөлек, мазасыз қоңыраулардан қорғайтын арнайы қосымшалар да бар. Ең тиімділердің бірі — «Қоңырау сүзгісі» деп аталатын сенімді сервис. Бұл – жеке деректерді жинамайтын, спам-қоңырауларды тиімді бұғаттайтын тегін қосымша. Google Play-ден жүктеп алуға болады. Бағдарламада спам-нөмірлердің дерекқоры жинақталған. Өз тізімінде бар нөмірлерден қоңырау келгенде қосымша оны бірден бұғаттап, мазаңызды алуына жол бермейді. Деректер базасы үнемі жаңартылып отырады. Күмәнді нөмірлерді қара тізімге өзіңіз қосуға да мүмкіндік береді. "Қоңырау сүзгісі" қосымшасында тек жеке нөмірлерді ғана емес, белгілі бір цифрлардан басталатын барлық нөмірлерді де бұғаттауға болады. Мысалы, бізге жиі келетін +792666***** кодымен басталатын барлық қоңырауларды өшіруге болады.

Бұл айтылғандар — алаяқтардың қоңырауынан қорғанудың базалық қадамдары. Қарапайым амал болса да, біраз қажетсіз қоңыраулардан қорғап қалады.

Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Бөлісу