Атырауда тісін емдетіп отырған әйел дәрігердің құралын жұтып қойған

0
191


Атырауда тісін емдетіп отырған әйел дәрігердің құралын жұтып қойған

Фото: Pixabay

ERNUR.KZ. Атыраудағы жеке стоматология клиникасында тіс емдеу кезінде дәрігер металл қондырманы пациенттің аузына түсіріп алған. Әйел оны байқамай жұтып қойған, деп жазады Skifnews.kz.

Зардап шеккен әйелдің айтуынша, дәрігер жедел жәрдем шақырудың орнына құсықты шақырып, қондырманың өздігінен шығуын ұсынған. Бұл әрекет нәтиже бермеген соң, науқас облыстық аурухананың жарақат пунктіне жүгінуге мәжбүр болған.

Дәрігерлер рентген және гастроскопия жасап, асқазаннан бөгде затты анықтап, оны медициналық қысқашпен алып шыққан. Пациент e-Өтініш порталы арқылы облыстық денсаулық сақтау басқармасына шағым түсірді. Ведомство журналистерге бұл жағдайдың өздерінің құзыретіне кірмейтінін, себебі клиника жекеменшік екенін мәлімдеді.

Атырау облыстық стоматологтар қауымдастығының үйлестіру кеңесінің төрағасы Құрал Тишбаев мұндай жағдайлардың өте сирек кездесетінін атап өтті, алайда бұл оқиғада дәрігердің әрекетін орынсыз деп бағалады.

«Дәрігердің манипуляцияны жалғастырып, 103 қызметін шақырмауы – өрескел қателік. Тіпті зат кішкентай болса да. Ұштықтың ақауы болып, содан бұрғы түсіп кеткен болуы мүмкін», — деп түсіндірді ол.

Қазіргі таңда пациент өзінің шағымына ресми жауап күтіп отыр.