Түркістан облысының әкімі Хубэй провинциясында маңызды кездесулер өткізді

0
131

Облыс әкімі «Hanya International Holdings» компаниясының құрылтайшысы Хуан Чжоурэнмен және компания акционерлерімен келіссөздер жүргізді.


Түркістан облысының әкімі Хубэй провинциясында маңызды кездесулер өткізді

Түркістан облысының әкімі Хубэй провинциясында инвесторлармен бірқатар маңызды кездесулер өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Түркістан облысымен бауырлас өңір – Хубэй провинциясының орталығы Ухань қаласында Қытайдың жетекші компанияларының басшылары және инвесторларымен бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

Жаңа жобалар Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің нығаюына және Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығының артуына ықпал етеді.

Облыс әкімі «Hanya International Holdings» компаниясының құрылтайшысы Хуан Чжоурэнмен және компания акционерлерімен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында Мақтаарал ауданындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жоба талқыланды.

Аталған жоба аясында электр техникалық жабдықтар, сантехникалық арматура және пластмасса бұйымдарын өндіретін индустриялық парк салынуда. Жоба толықтай Қытайдан тартылған тікелей шетелдік инвестициялар есебінен қаржыландырылады. Жалпы инвестиция көлемі 60 млрд теңгеден асады.

Жоба халықаралық логистика, трансшекаралық индустриялық парк, импорт-экспорт және энергия жинақтау жабдықтары бағыттарын қамтиды. Нәтижесінде өңірде 800 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, өндірістік кооперация нығайып, экспорттық әлеует артады.

Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Инфрақұрылыммен қамту шараларын биыл аяқтау жоспарланған. Кездесу барысында Нұралхан Көшеров жобаны белгіленген мерзімде пайдалануға беру және өндірістік қуаттарды уақытылы іске қосу мәселелеріне ерекше назар аударды.

Өз кезегінде облыс әкімдігі инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп, жобаның белсенді кезеңге өтуіне барлық қажетті жағдайды жасауда.

Ауқымды бастама Түркістан облысы мен «Hanya International Holdings» компаниясы арасындағы ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналмақ.

«Hanya Holding» – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, өндірісті, қойма логистикасын және трансшекаралық сауданы қамтитын интеграцияланған бизнес-платформа. Компанияда шамамен 2 300 қызметкер жұмыс істейді. Компанияның ішкі нарықтағы жылдық сату көлемі шамамен 30 млрд юаньды, ал сыртқы нарықтардағы сатылым көлемі шамамен 36 млрд юаньды құрайды. Негізгі қызмет бағыттары күн энергетикасы жүйелері, энергетикалық және электр тарату жабдықтары, құбыр, өндірістік құрылысты қамтиды. Сонымен қатар компания бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, жеткізу тізбегін басқару, қалалық инфрақұрылымды дамыту және электрондық өнімдер өндіру салаларында да қызмет атқарады.

Бөлісу