Нысандарда ғимараттардың сыртқы қабырғаларын заманауи металосайдингпен қаптау, шатыр және қасбеттік бөліктерін ретке келтіру, сондай-ақ мектеп аулаларын абаттандыру жұмыстары атқарылуда.
Мақтааралда 4 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мақтаарал ауданында білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын жақсарту және оқушыларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында бірқатар мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, былтыр бастау алған төрт білім ордасындағы күрделі жөндеу жұмыстары бүгінгі таңда жоспарға сәйкес жалғасуда.
Бүгінде «Мырзакент» мектеп-гимназиясы, «Мақтаарал» мектеп-гимназиясы, О.Бапышев атындағы жалпы орта мектебі және «Жаңа жол» жалпы орта мектебінде құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Нысандарда ғимараттардың сыртқы қабырғаларын заманауи металосайдингпен қаптау, шатыр және қасбеттік бөліктерін ретке келтіру, сондай-ақ мектеп аулаларын абаттандыру жұмыстары атқарылуда.
Аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков аталған құрылыс нысандарын арнайы аралап, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жұмыс сапасы мен құрылыс қарқынын бақылаған аудан әкімінің орынбасары мердігер мекемелердің өкілдерімен кездесу өткізіп, жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Кездесу барысында құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылып, барлық жұмыстардың құрылыс талаптары мен техникалық нормаларға сәйкес орындалуы қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, мердігерлерге нысандарды белгіленген мерзімде аяқтап, пайдалануға сапалы түрде тапсыру міндеті жүктелді.
Айта кетсек, Мақтаарал ауданында биыл білім беру нысандарын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бүгінде төрт мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатса, тоғыз мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстар білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсартуға, оқу процесінің сапасын арттыруға және оқушылар мен ұстаздарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Барлық құрылыс нысандары аудан әкімдігі тарапынан қатаң бақылауға алынған.


