ТҮРКІСТАН: Кентауда өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамыту ісі жанданады

0
84

6 айда Кентауда жалпы өнім көлемі 41,2 млрд. теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 113,5% өсім деңгейінде болды.


ТҮРКІСТАН: Кентауда өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамыту ісі жанданады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің аудан, қалаларға жұмыс сапары жалғасуда. Бұл жолы Кентаудағы құрылыс алаңдары мен индустриалды аймақтарды аралады.

Одан кейін қала әкімдігінің ғимаратында актив отырысын өткізіп, Кентауды дамыту жолдарын талқылады. Өңір басшысы бірқатар саладағы кемшіліктерге тоқталып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

– Қаладағы индустриалды аймақтың әлеуеті жоғары болғанымен, қазіргі таңда инвестор тарту жұмыстары баяу жүріп жатыр. Бұл бағытта жұмыстарды жандандыруды тапсырамын. Жол картасы аясында биылға жоспарланған 10 жобаның 3-еуі ғана іске асырылып отыр. Реттеңіздер. Салалық басқармамен бірлесіп ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесін қайта пысықтап, тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырамын. Халықты табиғи газбен қамту бойынша да жұмысты жандандыру керек. Шұғыл арада газ нысандарының құжаттарын заңдастырып, тиісті мекеме теңгеріміне өткізіңіздер. Біз Кентауды дамытуда бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Бұл ретте әкімдікпен бірге депутаттардың да белсенділігі маңызды. Инвестициялық жобаларды қолдауға белсенді араласып, өз округтеріңіз бойынша әлеуетті жобалар мен мүмкіндіктерді зерделеп, нақты ұсыныстар беріңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Басқарма басшылары өз салалары бойынша кездескен кемшіліктерге тоқталып, шешу жолдарын талқылады.
Нұралхан Көшеров басқарма басшылары мен қала әкіміне тиісті міндеттер жүктеді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қала тазалығын күшейтуді тарсырды. Тапсырмалар хаттамаға енгізілді.
Айта кетейік, 6 айда Кентауда жалпы өнім көлемі 41,2 млрд. теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 113,5% өсім деңгейінде болды. 2025 жылдың 6 айдың қорытындысымен қалалық бюджет 9,4 млрд. теңгені құрады. Жеке табыстар жоспары 2,1 млрд. теңге болса, орындалуы – 2,4 млрд теңге немесе 111,6%. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемінің жоспары 11,4 млрд.теңге болса, нақты орындалуы 12,3 млрд. теңгені құрап, өсімге қол жетті.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстарғанда 3,2 млрд. теңгеге өскен.
Бөлісу