Екібастұзда тірі мысықты постаматқа қамап кеткендер халықтың ашуын туғызды

0
145

Қолайсыз жағдай әлеуметтік желіде резонанс тудырды.


Екібастұзда тірі мысықты постаматқа қамап кеткендер халықтың ашуын туғызды
Фото: BILD

ERNUR.KZ. Екібастұзда белгісіз біреулер тірі мысықты Kaspi постаматының ұяшығына жауып кеткен. Аталған оқиғаның видеосы Instagram әлеуметтік желісіндегі pomogi_bezdomnym_zhivotnym парақшасында жарияланды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жануарды еріктілер байқап қалған. Олар дереу Kaspi.kz компаниясына хабарласып, құтқару жұмыстарын ұйымдастырған.

«Kaspi қызметкерлері дереу әрекет етіп, мысықты босатты. Оларға үлкен рақмет. Реакциялары өте жедел болды», — делінген жазбада.

Жануарды қорғаушылар бұл оқиғаға қатты алаңдаушылық білдіріп, мұндай әрекеттердің жиілеп бара жатқанын атап өтті.

«Бұл — қорап та емес, зат та емес. Бұл – тірі жаратылыс, ол тыныстайды, қорқады, не болып жатқанын түсінбейді. Мұндай әрекет — қатыгездік әрі қауіпті. Бұл қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін», — дейді еріктілер.

Олар тұрғындарға жануарларға мейіріммен қарауға және жауапкершілікті сезінуге шақырды.

Екібастұздағы жануар қорғаушылары бұл оқиға бойынша бейнебақылау жазбаларын тексеруді және кінәлі тұлғаларды анықтауды сұрады.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, жануарға қатыгездік көрсету ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабына (жануарларға қатыгездік жасау) сәйкес жазаланады.