Келес өзенінің жағалауында қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып, шөп шабу жұмыстары жүргізілді.
Қазығұрт ауданы аумағындағы өзен жағалауларына ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазығұрт ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, аудан аумағындағы өзен жағалауларына ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.
Экологиялық акция барысында Қазығұрт елді мекеніндегі Келес өзенінің жағалауы мен Алтынтөбе ауылдық округіне қарасты табиғаты көркем Аққұм сарқырамасы аумағы қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары атқарылды.
Іс-шараға ауданға қарасты барлық мекемелері қызметкерлері, ауылдық округтер, білім беру ұйымдары, ерікті жастар және тұрғындар белсене қатысып, жалпы саны 1000-нан астам адам жұмылдырылды. Тазалық жұмыстарына 7 арнайы техника тартылып, қатысушылар қажетті құрал-жабдықтармен, қолғаптармен және қоқыс жинауға арналған арнайы қаптармен қамтамасыз етілді.
Келес өзенінің жағалауында қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып, шөп шабу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Аққұм сарқырамасы аумағы мен оған іргелес жерлер толықтай тазартылып, демалушылар көп келетін аумақтардың санитарлық жағдайы жақсартылды. Нәтижесінде екі аумақтан жалпы көлемі 8,8 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды.
Аталған шараға Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов қатысып, экологиялық акцияның маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде қоршаған ортаны қорғау, табиғи су көздерін сақтау және туған жердің тазалығын қамтамасыз ету – барша азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Сондай-ақ акция аясында табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығын насихаттайтын ақпараттық баннерлер орнатылып, тұрғындарға экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Таза табиғат – болашақ ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұра. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау, табиғи байлықтарды сақтау және туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.


