150 дана су құдықшасы орнатылған.
Сарыағаш ауданында инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сарыағаш ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осыған орай аудан әкімі Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округіне арнайы барып, ауыз су жүйесі мен медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысты. Аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынын бақылап, жауапты мамандар мен мердігер мекеме өкілдеріне жобаларды белгіленген талаптарға сай әрі мерзімінде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Қазіргі таңда Ақжар елді мекенінде ауыз су инфрақұрылымын дамыту бағытында суқойманы қоршау, диаметрі 110 милиметр және 160 милиметр болатын ауыз су құбырларын тарту, сондай-ақ су құдықшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін жалпы ұзындығы 30 шақырымға жуық ауыз су құбыры тартылып, 150 дана су құдықшасы орнатылған. Жоба толық аяқталған кезде Ақжар ауылындағы шамамен 7 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұған дейін ескірген су құбырлары жоба аясында толық жаңартылады.
Сонымен қатар, ауданның Ақжар және Дихан баба елді мекендерінде жаңа медициналық нысандардың құрылысы жалғасуда. Бүгінде нысандарда кірпіш қалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, алғашқы медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Аудан әкімі халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуы басты назарда екенін атап өтті. Аталған нысандар пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындардың таза ауыз суға қолжетімділігі артып, медициналық қызмет көрсету деңгейі жақсара түседі.


