Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді

0
237

Жұмыссыздық деңгейін түсіру, жас мамандарды жұмысқа орналастыру, жұмыс нарығын әртараптандыру сынды бағыттарға басымдық беріліп отыр.


Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді

Жұмыссыздық – кез келген елдің экономикалық тұрғыдан дамуына тікелей байланысты мәселе. Себебі ел ішінде өндіріс орындары, кәсіпорындар мен өзге де нысандар тұрақты түрде көбейіп отырмаса, жұмыссыздар саны да артып, әлеуметтік салаға тиетін зиян ұлғая береді. ILOSTAT, яғни Халықаралық Еңбек Ұйымының ресми ақпараттарына зер салсақ, былтыр еліміз жұмыссыздық көрсеткіші бойынша 190-ға жуық мемлекеттің арасынан 104-ші орынға тұрақтапты. Пайыздық көрсеткіш 4,8-ді құрайды. Ал, әлемдегі орташа жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрайды екен. Демек, Қазақстан орташа деңгейден шамалы ғана жоғары тұр деген сөз. Десе де, әлемдік сарапшылар Қазақстанға жұмыс орнын ашу, заң талаптарының жеңілдігі жағынан жақсы баға берген. Сондықтан қазіргі таңда елімізде жұмыссыздық деңгейін түсіру, жас мамандарды жұмысқа орналастыру, жұмыс нарығын әртараптандыру сынды бағыттарға басымдық беріліп отыр.


Қазақстанда жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске асырылып жатыр. Соның ең негізгісі – «Еңбек» деп аталады. Одан бөлек арнайы жол картасы қолға алынып, жаңа жұмыс орындарын құру, жобаларды қаржыландыру, нысандарды заман талабына сай етіп жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Ал, жұмыспен қамту саласындағы процестерді оңай әрі жедел атқару үшін enbek.kz деп аталатын электронды еңбек биржасы қалыптасып, мемлекеттік қызметтерді көрсету оңтайландырылды. Бұл платформа арқылы қызмет алып қана қоймай, түрлі курстарды тегін оқуға мүмкіндік бар.


Сөз барысында жас мамандарды жұмыспен қамтуға басымдық беріліп жатқандығын айттық. Бұл тұрғыда әсіресе «Жастар практикасы» бағдарламасының игілігі мол болуда. Деректерге сүйенсек, бүгінде еліміздегі жұмыс күшінің шамамен қырық пайызын 35 жасқа дейінгі азаматтар құрап тұр. Жастардың төрттен үш бөлігі жалақыға еңбек етеді. NEET санатындағы азаматтарды жұмысқа бейімдеу жұмыстары да қарқын алып жатыр. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы ықпалды әлемдік ұйымдармен тізе қосып, жұмысқа бейімдеу бағдарламаларын, әлеуметтік ахуалды арттыруға негізделген жобаларды іске асыру үстінде. Жалпы, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 35 жасқа дейінгі жастардың төрттен үші жұмыспен қамтылып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы соңғы жылдары көптеген жұмыс орны ашылды, цифрлық платформа жетілдіріліп, ауылдық жерлерде кәсіпкерлік саласы жанданып жатыр. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы деректерге сүйенсек, азаматтарды жұмысқа араласу деңгейі 95,4 пайызға жетіп, жұмыссыздық көрсеткіші 4,6 пайызды құраған. Оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық дейгейі – 3,1 пайыз.


Өткен жылдың соңында шығарылған ресми көрсеткіштерге сүйенсек, жұмыспен қамту саласында Атырау облысы көш бастап тұр. Себебі, аймақта мұнай және газ өндіру саласында жұмыс орындары көбейіп келеді. Одан кейінгі орында мемлекеттік қызметшілер көптеп шоғырланған Астана қаласы мен бизнес және сервис бағыты қарыштап дамыған Алматы қаласы тұр. Үздік бестікте өнеркәсіп және өндірістің ірі орталығы болып саналатын Ақтөбе және Қарағанды облыстары да бар. Ал, Маңғыстау және Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жұмыссыздық проблемасы айқын байқалады. Себебі, аталған өңірлерде жұмыс күшін көп болғанымен, жұмыс берушілер әлі де аз. Осы ретте мемлекет билігі мәселенің күрмеуін «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» сынды жобалардың көмегімен шешуге тырысып жатыр. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіштерге сүйенсек, еліміздегі жұмысқа тартылған азаматтар саны 9 млн 735 мың адамды құраған.


Елімізде кейбір аймақтардың ерекшелігіне байланысты қолға алынған бағдарламалар да бар. Мысан «Жол картасы» арқылы Атырау, Ақмола және Қарағанды облыстарындағы жұмыссыздықты жоюға басымдық берілуде. Ал, Түркістан және Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында бизнес саласы мен агросекторды өркендетуге көңіл бөлінуде. Осылайша әр өңірдің ерекшеліктері ескерілгеннің нәтижесінде аймақтар біркелкі дамып келеді.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ