Тексеру барысында терапевт, невропатолог, эндокринолог, оториноларинголог және ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) маманы ардагердің жалпы денсаулық жағдайын қарап, тиісті кеңес берді.
Шымкент қаласы №2 қалалық ауруханасының мамандары тыл ардагерлерін жоспарлы медициналық тексеруден өткізу жұмыстарын жалғастыруда.
Аталған іс-шара Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып, оның аясында медициналық қызметкерлер тыл еңбеккерлерінің үйлеріне арнайы барып, скринингтік тексерулер жүргізді.
Атап айтқанда, медицина қызметкерлері тыл ардагері Қалакүл Алчабаеваның үйіне барып, оның денсаулығын тексерді. Тоқсан жасқа келген ардагердің жағдайы жасына сай тұрақты. Еңбек жолын «Қазақтелеком» және «Қазпошта» мекемелерінде өткізген Қ. Алчабаева 24 жылға жуық еңбек еткен. Қазіргі таңда ол 12 немере мен 16 шөберенің аяулы әжесі.
Тексеру барысында терапевт, невропатолог, эндокринолог, оториноларинголог және ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) маманы ардагердің жалпы денсаулық жағдайын қарап, тиісті кеңес берді. Қан қысымы, буын және жүрек-қан тамырларына қатысты аурулары бойынша ардагер диспансерлік бақылауға алынған. Кардиолог маманның тұрақты қадағалауында, қажетті дәрілік заттар мемлекет есебінен тегін беріледі. Егер ардагер дәрігер қабылдауына өздігінен келе алмаса, дәрілерді баласы немесе аймақтық мейіргер үйіне жеткізеді.
Сол күні медицина мамандары тағы төрт тыл ардагерінің үйіне барып, скринингтік тексерулер жүргізді. Дәрігерлердің мәліметінше, аталған ардагерлердің барлығы тоқсан жастан асқан. Ең үлкені — 97 жаста. Жастарына байланысты шағымдары болғанымен, жалпы жағдайлары тұрақты.
— Ардагерлер тұрақты түрде біздің бақылауымызда. Ай сайын учаскелік дәрігерлер олардың үйлеріне барып, қан қысымын өлшеп, қажетті тексерулер жүргізеді. Қажет болған жағдайда қосымша зерттеулерге жолдама беріледі. Бұл – біздің кәсіби міндетіміз ғана емес, азаматтық борышымыз, – деді дәрігер Абай Қасымбек.
Ардагерлерге көрсетіліп жатқан бұл медициналық қызмет – мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық пен құрметтің көрінісі. Денсаулықтарын қадағалау және уақтылы қолдау көрсету – ортақ жауапкершілік.