ERNUR.KZ. Түркістанда бейнебақылау камераларын әдейі бүлдірген екі күдікті анықталып, ұсталды, деп жазады Zakon.kz.
Қылмыс бейнебақылау жүйелерінің көмегімен ашылды. Оқиға қала көшелерінің бірінде тіркелген.
Белгісіз тұлғалар 4 камераны қасақана сындырған. Салдарынан 700 мың теңгеден астам материалдық шығын келтірілді.
Тергеу барысында оқиғаның түнгі сағат 01:00 шамасында болғаны анықталды. Беттерін маскамен жасырған екі жігіт ұзын ағашпен камераларды істен шығарған.
"Полицейлер қылмысты ашу кезінде жақын маңдағы бейнебақылау жүйелерінің жазбаларын мұқият зерделеді. Нәтижесінде күдіктілердің қозғалыс бағыты анықталып, жедел-іздестіру шаралары арқылы қолға түсті", – делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Алдын ала мәліметке сәйкес, күдіктілер жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлға ашуланып, осы әрекетке барғандарын мойындаған.


