​Баланы дәрігерге ҚАЙ ЖАСЫНАН бастап ЖАЛҒЫЗ жіберуге болады?

0
389

Қыдыру, жарысқа бару, үйде жалғыз қалдыру туралы заң не дейді?


​Баланы дәрігерге ҚАЙ ЖАСЫНАН бастап ЖАЛҒЫЗ жіберуге болады?

Сурет: ЖИ

Бала өсе келе ата-анасынан бөлек, достарымен қыдырғысы келеді. Кей жерлерге «Өзім бара беремін» деп дербестігін білдіруге тырысады. Ата-анасы қасында жүрсе, «Мен кішкентай баламын ба?!» деп ренжиді.

Ата-ана ретінде үлкендер де баланы дербестікке үйреткісі келеді. Бірақ ата-ананың баланы бақылауы мен қамқорлығы тек сүйіспеншілік пен уайымнан ғана тумайды. Сонымен бірге бұл олардың заң жүзіндегі міндеті.

Қазақстан Республикасының заңы бойынша, бала 18 жасқа (кәмелетке) толғанға дейін ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қамқорлығында болады. Қай жаста, қай жерлерде баланы сүйемелдеу керек? Күнделікті өмірде, тәрбиеде бұл талаптар қалай көрініс табады? Бірге қарастырайық.


Кешкі серуен: Түнде жалғыз жүруіне болмайды

Балаңыз дос-жарандарымен аулада немесе саябақта кешке дейін жүргенді ұната ма? Бұл жерде уақытты қатаң қадағалаған абзал.

Заң талабы:

  • ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 442-бабына сәйкес, 18 жасқа толмаған балалар сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз көшеде, саябақта немесе аулада жүре алмайды.

Балаға бұл ережені «саған сенбеймін» деп емес, «бұл сенің қауіпсіздігің үшін жазылған заң» деп түсіндірген дұрыс.


Ойын-сауық орталығы мен кинотеатр: Кешкі сеансқа кіре ала ма?

Жасөспірімдер компьютерлік клубтарға, киноға немесе дәмханаларға жиі барады. Алайда, мұнда да уақыт пен жас шектеуі бар.

Заң талабы:

  • 18 жасқа дейінгі балалар сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін кез келген ойын-сауық мекемесінде (компьютерлік клуб, кинотеатрдың кешкі сеанстары, кафе, т.б.) ата-анасыз бола алмайды.
  • 14-18 жастағы жасөспірімдер күндіз бұл жерлерге өзі бара алады. Бірақ шаралардың жас шектеуі (12+, 16+, 18+) міндетті түрде ескерілуге тиіс.


Дәрігерге қаралу: 16 жасқа дейін жетектеу керек пе?

Балалар дәрігерге қашаннан бастап өздері бара алады?

Заң талабы:

  • «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес, 16 жасқа дейінгі балаларды емдеу, тексеру, диагностика жасау және екпе (вакцина) салу тек ата-ананың немесе заңды өкілдің қатысуымен және жазбаша келісімімен жүзеге асады.
  • Бала 16 жасқа толған соң дербес, өз келісімімен дәрігерге қаралуға немесе емделуге құқылы. Тек күрделі операция жасау қажет жағдайларда ата-анасының рұқсаты қажет болады.
  • Баланы 14-15 жасынан бастап дәрігерге ағзасындағы ауырсынуларды, өзгерісті, белгілерді баяндауға, шағымдарын өзі айтуға үйретіңіз. Бірақ 16 жасқа дейін жанында болып, қолдау көрсетіңіз.


Су айдындары мен жағажай: Ең жоғары қауіпсіздік аймағы

Жазғы демалыста жағажай мен бассейндер ең сүйікті орынға айналады.

Заң талабы:

  • 14 жасқа дейінгі балаларға суға шомылу орындарында (өзен, көл, бассейн, жағажай) ата-анасынсыз немесе ересектердің қарауынсыз болуға мүлдем тыйым салынады.

Бала жүзе білсе де, суда күтпеген жағдайлар жиі болады. Сол себепті, 14 жасқа толған күннің өзінде баланы су бойында жалғыз қалдырмауға, қауіпсіздік ережелерін үнемі еске салып отыруға тырысыңыз.


Ұзақ жолға шығу, қонақүйлер мен шипажайлар

Балаңыз басқа қалаға жарысқа, саяхатқа немесе демалысқа баратын болса ше?

  • 14 жасқа дейін бала қонақүйге немесе шипажайға тек ата-анасымен немесе ресми сенімхаты бар ересек адаммен (бапкер, мұғалім) бірге орналасады.
  • 14–18 жас аралығындағы жасөспірімдер ата-анасының нотариалды куәландырылған немесе ресми жазбаша келісімхаты болса, қонақүйлерге өз бетінше немесе топ құрамында тоқтай алады.

Балалардың әуе көлігімен жалғыз саяхаттауы заңнамамен де, әуе компанияларының ішкі ережелерімен де қатаң реттеледі. Ел ішіндегі және халықаралық рейстерде балалардың жасына байланысты талаптар:

  • 0-5 жас аралығы: Балалар тек ересек жолаушының сүйемелдеуімен ұша алады. Оларды жалғыз немесе әуе компаниясының қызметкерлеріне тапсырып жіберуге мүлдем рұқсат етілмейді.
  • 6 – 15 жас аралығы: Бұл жастағы балалар ата-анасыз немесе заңды өкілсіз ұша алады, бірақ «Ересектердің сүйемелдеуінсіз жүретін бала» (Unaccompanied Minor) арнайы қызметін тапсырыспен рәсімдеу міндетті.
  • 16 жастан бастап: ел ішінде де, шетелге де арнайы сүйемелдеусіз, өз бетінше билет алып ұша береді.

«Авиа-сүйемелдеу» қызметі баланың сапар бойы толық қауіпсіздікте болуын қамтамасыз етеді. Ата-анасы баланы ұшаққа отырғызу уақытына дейін әуежайда бірге болады. Тіркеу бағанында жауапты қызметкер барлық құжатты тексереді. Әуежай қызметкері баланы арнайы бақылаудан өткізіп, стюардессаның немесе бортсеріктің қолына тапсырады. Бортсеріктер сапар барысында баланың жағдайын қадағалап, тамақтануына, қауіпсіздік белдігін тағуына көмектеседі. Ұшақ қонған соң жердегі қызметкер баланы жүгімен бірге күтіп алушы адамға (сенімхатта/өтініште көрсетілген тұлғаға) құжатын тексеріп барып, жеке өзі тапсырады.

Бір ескеру керек нәрсе, ҚР Заңнамасына және авиациялық ережелерге сәйкес, кәмелетке толмаған балалар (18 жасқа дейін) сағат 23:00 мен таңғы 06:00 аралығында ұшатын түнгі рейстерге ересектерсіз жіберілмейді.


Үйде жалғыз немесе туысқа қалдыру

Ата-аналардың көкейінде жүретін тағы бір сұрақ «Баланы үйде жалғыз қалдыруға бола ма? Әлде көршіге немесе туыстарға сеніп тапсырған дұрыс па?»

Қазақстан Республикасының заңнамасында «Баланы үйде осы жастан бастап жалғыз қалдыруға болады» деген нақты жас шегі белгіленбеген. Бірақ, заң бойынша ата-ана баланың өмірі мен денсаулығына толық жауапты. Егер үйде жалғыз қалған балаға қандай да бір қауіп төнсе немесе жазатайым оқиға орын алса, бұл ата-ананың міндетін дұрыс орындамауы ретінде қарастырылуы мүмкін.

Психологиялық және педагогикалық ұсыныстар:

  • 7 жасқа дейін баланы үйде (тіпті 10-15 минутқа да) жалғыз қалдыруға мүлдем болмайды. Бұл жастағы балалар қауіпті (электр тоғы, терезе, от) сезінбейді және қатер төнген жағдайда үрейге бой алдырып, мүлде қате әркетте жасауы мүмкін.
  • 7–10 жас аралығындағы баланы тек қысқа мерзімге (30–60 минут) қалдыруға болады. Бірақ ол баланың психологиялық дайындығына байланысты. Егер бала жалғыз қалудан қорықса, оны қинамаған абзал.
  • 10–12 жастан бастап бала үйде бірнеше сағатқа өзі қала алады. Бұл жаста ол тұрмыстық техниканы қауіпсіз қолдануды, бөгде адамдарға есік ашпауды және төтенше жағдайда не істеу керегін түсінеді.

Ата-аналарға маңызды ескерту! Егер баланы көршіге, туысқанға қалдырып, өзіңіз басқа қалаға немесе ұзақ уақытқа кетсеңіз, оларға сенімхат немесе ресми келісімхат жазып бергеніңіз жөн. Себебі, бала шұғыл түрде ауруханаға түсе қалса немесе заңды өкілді талап ететін жағдай туса, дәрігерлер де, полиция да туыстардан осы құжатты талап етеді.


Ата-анаға кеңес: Дербестікке қалай қауіпсіз үйретеміз?

  • «Цифрлық қорған» құрыңыз. Балаңыз көшеге жалғыз шыққанда телефондағы түрлі қосымшалар арқылы геолокацияны бөлісуді әдетке айналдырыңыз. Бұл бақылау емес, уайымдамаудың жолы.
  • «Шұғыл байланыс» алгоритмі. Балаңыздың смартфонында жедел қызметтер мен ата-ананың нөмірі «Тез теру» батырмасына енгізілуі тиіс.
  • Туыстарға сенімхат дайындау. Егер балаңыз әжесімен, апасымен немесе бапкерімен бірге ел ішінде ұзақ жолға немесе демалысқа шықса, өкілеттілікті растайтын ресми келісімхат/сенімхат жазып бергеніңіз жөн.


Ата-анаға жадынама: Бала байланысқа шықпаса, не істеу керек?

Бала белгіленген уақыттан кешігіп, телефоны сөндірулі болса немесе қоңырауға жауап бермесе, кез келген ата-ананың бойын үрей билейтіні белгілі. Бірақ мұндай сәтте ең бастысы – сабыр сақтап, жүйелі түрде әрекет ету.

Үрейге бой алдыру дұрыс шешім шығаруға кедергі жасайды. Терең дем алып, соңғы рет қашан сөйлескеніңізді, баланың қайда және кіммен барғанын еске түсіріңіз. Батареясы отырып қалуы немесе дыбыссыз режимде қалып қоюы мүмкін екенін де ұмытпаңыз.

Балаңыздың ең жақын 2–3 досына, сыныптастарына, олардың атааналарына, мұғаліміне немесе бапкеріне хабарласыңыз.

Баратын орындарын тексеріңіз. Жол бойындағы бағытын, үйдің ауласын, жақын маңдағы саябақ пен ол жиі баратын ойын-сауық немесе компьютерлік клубтарды шолып шығыңыз.

Геолокация мен әлеуметтік желіні тексеріңіз. Баланың әлеуметтік желіде соңғы рет қашан онлайн болғанына назар аударыңыз.

Полицияға хабарласыңыз. Бала жоғалғанда 3 күн күту керек деген сөз қазіргі шындыққа жанаспайды. Кәмелетке толмаған балалар бойынша полиция арызды жедел қабылдайды. Сондықтан баланы өз бетіңізше іздеу 1-2 сағаттан астам нәтиже бермесе, уақыт созбай, «102» нөміріне қоңырау шалыңыз немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне барыңыз.

Полицияға хабарласқанда не қажет?

  • Баланың соңғы түскен анық фотосуреті.
  • Соңғы рет үстінде болған киімі мен ерекше белгілері (бойы, шаш түсі, рюкзагы).
  • Баланың телефонының IMEI-коды (мүмкіндік болса).


Бала тәрбиесі – тек шектеу қою емес, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Заң талаптары бұзылған жағдайда (мысалы, бала сағат 23:00-ден кейін көшеде жалғыз жүрсе), полиция қызметкерлері ата-анаға ескерту жасайды немесе 3-тен 7 АЕК-ке дейін айыппұл салуы мүмкін.

Баланы дербестікке, өз бетінше шешім қабылдауға үйрету өте маңызды. Бірақ бұл еркіндік оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуі керек. Заң талаптары сізді айыппұлдан, ал балаңызды түрлі жағымсыз жағдайлардан қорғайтын сенімді қалқан. Балаңыздың қайда және кіммен жүргенінен әрдайым хабардар болыңыз.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЕТ ТАҢДАУ кезінде екінің бірі ескере бермейтін кеңестер

ЖАСӨСПІРІМдерде жиі кездесетін АУЫРСЫНУлар: қай кезде мән беру керек?

ҚАРТ АТА-АНАға ешқашан АЙТУҒА болмайтын 6 сөз