Баланың ҚҰПИЯСЫН ата-ана БІЛУІ ТИІС пе?

0
296

Қандай жағдайларда ата-ана бәрін білуге тырысуы керек?


Баланың ҚҰПИЯСЫН ата-ана БІЛУІ ТИІС пе?

Сурет: рф-сиб.рф

«Бала әке-шешесінен ештеңе жасырмауға тиіс» деп санаймыз көбіміз. Олар жайлы барлық нәрсені егжей-тегжейлі біліп отыруға тырысамыз. Бұл қауіпсіздік мәселесінен туындайтын қажеттілік екені түсінікті. Өйткені буллингке ұшырағанын, зиянды әдеттерге үйір болғанын немесе басқа да қауіп-қатерге тап болғанын қаламаймыз. Бәрін біліп, алдын алып отырғымыз келеді.

Алайда кей жағдайларда баланың жасырғаны барын байқасаңыз, білуге ұмтылмау қажет екен. Мамандардың айтуынша, құпия сақтай білу – балада когнитивтік қабілеттер мен әлеуметтік дағдылардың дамығанының белгісі.

Қандай жағдайларда ата-ана бәрін білуге тырысуы керек? Қай кезде баланың жеке шекарасына, құпиясына құрметпен қарауға тиіс? Осы сұрақтар төңірегінде психологтар пікірлеріне сүйене отырып нұсқаулық дайындадық.


Неліктен құпиясы болуы қалыпты құбылыс?

  • Біріншіден, олар жеке шекаралардың қалыптасуына көмектеседі. Құпиялар балаға тек өзіне ғана тиесілі ақпарат бар екенін түсінуге мүмкіндік береді.
  • Екіншіден, құпиялар достық пен сенімді дамытуға ықпал етеді. 6 жасқа қарай балалар құпияны сақтау достықты сақтауда маңызды екенін, ал оны жария ету қарым-қатынасқа зиян тигізуі мүмкін екенін түсіне бастайды.
  • Үшіншіден, олар «ерекше болуға» деген қажеттілікті қанағаттандырады. Құпиялар көбіне тек өзіне ғана тиесілі бірдеңесі болуын қалауымен байланысты (ойыншықтар, тосынсыйлар).
  • Төртіншіден, когнитивтік қабілеттердің дамуына әсер етеді. Құпия сақтау есте сақтау қабілетін, өзін-өзі бақылауды және басқа адамдардың ой-пікірін түсінуді талап етеді.


Психолог пікірі:

«Мектепке дейінгі және бастауыш сынып жасындағы балалармен салыстырғанда, жасөспірімдік кезеңде, әсіресе ата-анасына қатысты, жасырындық деңгейі арта түседі. Жасөспірімдер тәуелсіздік пен оңашалыққа ұмтылады. Құпиялар оларға шекара орнатуға және эмоционалдық тәуелсіздігін сақтауға көмектеседі».


Бала құпияларының эволюциясы

  • 3-5 жас – Ешкімге зиянсыз, өзін сынайтын сыр

Бала өзін ішкі әлемі бар жеке тұлға ретінде сезіне бастайды. Бұл – жеке шекара қалыптасуының бастауы. Мысалы: «Мен тасты қалтама тығып қойдым, ешкімге бермеу үшін» немесе «Анамның бізден тығылып тәтті жегенін көрдім, бірақ ешкімге айтпаймын».

Бала басқалар білмейтін ақпаратты білу және сақтау арқылы өз «күшін» сынап көреді. Бұл – бір нәрсені жорта жасыру емес, өзіне арналған ойын.


  • 5-9 жас – Әлеуметтік құпиялар

Бұл жаста балалар жазаланудан немесе ата-анасының көңілін қалдырудан қорқа бастайды. Сол үшін кейбір қателіктерін жасырғысы келеді. Нәтижесінде достарымен алғашқы «келісілген» құпиялар пайда болады. Мәселен, бірдеңені сындырып қою, «екілік» баға алу, төбелесу, т.с.с. Кейде құпияның себебі өзгелер үшін түкке тұрғысыз, өзі үшін ғана маңызды нәрсе болуы мүмкін. Мысалы, «Арман екеуміз үйшік жасадық, бірақ оны ешкімге көрсетпейміз».


  • 10-14 жас – Жасөспірімдік кезеңдегі тұлғалық құпиялар

Бұл кезеңде құпиялар тұлғалық қалыптасудың, өзін-өзі танудың маңызды бөлігіне айналады. Алғашқы махаббат, әлеуметтік желідегі хат алмасу, өз келбеті мен денесіне көзқарасы, сыныптастармен қарым-қатынасы, оқуындағы қиындықтар – осының бәрін құпия ұстағысы келуі мүмкін. Себебі өзін ересек сезіну үшін мәселелерді өз бетімен шешуге тырысады.


  • 15-16 жас – Тәуелсіздігін сезіну қажеттілігі

Бұл жаста жекелеген оқиғалар емес, тұтас өмірі құпияға айналуы мүмкін. Дүниетаным, саяси көзқарас, интимдік қатынастар, түрлі эксперименттер (шылым шегу, алкоголь болуы мүмкін), терең ішкі күйзелістер, болашаққа жоспарлары – бәрін бұрынғыша асыға айтып бермейді. Әсіресе, ата-анасы қарсы болуы мүмкін жайттарды мүлде бөліспеуге тырысады. Бұл баланың «Мен – жеке тұлғамын, маған қатыстыларды өзім шешемін» деген мәлімдемесі.


Қай кезде құпиясын сұрамаған дұрыс?

Баланың өз құпиялары болуы тиіс:

  • ең жақын досымен әңгімелерінің мазмұны;
  • алғашқы ұяң сезімдері;
  • шығармашылық ойлары мен жоспарлары.

Құпиясын ашуға мәжбүрлемеңіз. «Не бәрін айтасың, не ...» деген ультиматум ата-ана мен бала арасындағы сенімді күл-талқан етеді. Одан кейін бала мүлдем тұйықталады немесе қасақана өтірік айтуға көшеді.

Ақпаратты айламен алуға да тырыспаңыз. Балалар манипуляцияны өте жақсы сезеді.

«Мен бәрібір білемін» немесе «Маған бәрін айтып қойды, тексеріп отырмын» деген сөздер сізді баланың сенімінен айырады.

Ештеңе білмегендей үнсіз қалу да қажет емес. Сіздің міндетіңіз – бірдеңенің дұрыс емес екенін, өзгерісті байқағаныңызды көрсету, бірақ баланың шекарасын құрметтейтініңізді білдіру. Мысалы, былай деңіз: «Бірдеңені айта алмай тұрғаныңды байқадым, бірақ бұл туралы сөйлескің келмейтін сияқты. Мен әрдайым қасыңдамын. Егер ішіңдегіні айтқың келсе, көмек, кеңес керек болса, кез келген уақытта тыңдауға дайынмын. Сені кінәламай, сынамай тыңдай аламын. Не нәрсе айтсаң да, саған деген көзқарасым, жақсы көруім, қолдауым өзгермейді». Бала құпиясын бөліскенде, осы уәдеде тұрыңыз.

Баланы шамадан тыс бақыламаңыз. Оның өміріне қызығушылық пен дербестігін құрметтеу арасындағы тепе-теңдікті сақтаңыз.

Сондай-ақ бала сіздің ашуыңыздан қорқып, кішігірім қателіктерін жасыруы мүмкін. Олары әшкере болған жағдайда, мүмкін болса, жазаламаңыз. Оның орнына жағдайды бірге түзетуді ұсыныңыз.


Қандай жағдайда дабыл қағу қажет?

Мынандай жағдайларда баланың нені жасырып жүргенін міндетті түрде анықтаңыз:

  • оның мінез-құлқында күрт өзгерістер байқалса – тұйықталып кетсе, агрессия пайда болса, тәбеті жоғалса, ұйқысы бұзылса, оқу үлгерімі төмендесе;
  • бала буллингке (қорлауға) ұшырап жүр деген күдік болса – ол сыныптастарына шағымданса, мектепке барудан қорықса, денесінде көгерген, сырылған немесе одан да ауыр жарақаттар пайда болса;
  • депрессия белгілері, өзіне-өзі зақым келтіру іздері (кесілген жерлер) байқалса;
  • психоактивті заттарды қолдану белгілері болса;
  • баланың құпиялары денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін жағдайлармен байланысты болса (үйден ұзақ уақытқа кетіп қалса, күмәнді таныстары пайда болса).

Осындай жағдайларда құпия – дамудың қалыпты кезеңі емес, баланың жалғыз өзі жеңе алмайтын маңызды мәселесі барының белгісі. Онымен сөйлесу маңызды. Өзі ашып айтпаса, қажет болған жағдайда оның телефонын тексеріп, мамандарға жүгінген дұрыс.


Психолог пікірі:

«Бұл қарым-қатынастарыңызды бұзуы мүмкін. Бірақ қауіпсіздік бәрінен маңызды болуға тиіс. Кейін міндетті түрде баламен асықпай, жақсылап сөйлесу қажет. «Мен сенің сеніміңді бұздым, бірақ бұл әрекетке сені жақсы көргеннен, саған көмектескім келгеннен бардым. Сені жоғалтып алудан қорықтым» деп өз әрекеттеріңіздің себебін түсіндіру, қажет болса кешірім сұрау керек.


Баланың сенімі – басты құндылық

Баланың құпиялары жасына қарай өзгеріп, дамып отырады: мектепке дейінгі жастағы «сиқырлы құпиялардан» бастап, жасөспірімдік шақтағы терең жеке сырларға дейін. Егер мінез-құлқында күрт өзгерістер байқалса, депрессия белгілері, өзіне-өзі зақым келтіру жағдайлары болса немесе оны буллингке ұшырап жүр деп күдіктенсеңіз, дабыл қағу қажет. Мұндай кезде ата-ана жағдайға сауатты түрде, бірақ нық араласуға тиіс.

Ал қалған жағдайларда баланың жеке кеңістігіне басып кірмеу маңызды. Қандай жағдай болмасын, сыныпта кім ұнайтынын немесе ең жақын досымен не туралы сөйлескенін қалай да біліп алуға тырысып, қыспаққа алмаңыз.

Дайындаған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Ер азаматыңыздан қолдау болмаса да мақсатқа жетуден тартынбаңыз