Егер сатушы карта немесе QR арқылы төлем қабылдамай, тек қолма-қол ақша талап етсе, сатып алушылар Мемлекеттік кірістер органдарына шағымдана алады.
ERNUR.KZ. Қазақстанда кәсіпкерлердің төлемді тек қолма-қол ақшамен талап етуіне құқығы жоқ. Мұны Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді, деп жазады stan.kz.
Ведомство мәліметінше, кейбір сатушылар мен қызмет көрсетушілер банк картасы немесе QR арқылы төлем қабылдаудан бас тартып, тек қолма-қол есеп айырысуды талап ететін жағдайлар тіркеліп жатыр.
“Мұндай әрекеттер “Төлемдер және төлем жүйелері туралы” заңның 25-бабын ( Төлемдер және (немесе) ақша аударымдары) бұзады. Заң бойынша сатып алушы тауар мен қызмет ақысын кез келген заңды тәсілмен қолма-қол, банк картасымен немесе QR төлем арқылы төлеуге құқылы. Ал кәсіпкерлер барлық төлем түрін тең жағдайда қабылдауға міндетті”, – делінген хабарламада.
Төлем карталары арқылы төлем қабылдаудан бас тартқаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 194-бабына (Төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдердi қабылдаудан бас тарту) сәйкес жауапкершілік қарастырылған:
- бірінші рет ереже бұзған кәсіпкерге ескерту беріледі;
- қайталанса, айыппұл салынады.
Айыппұл көлемі:
- шағын бизнес субъектілері үшін – 40 АЕК немесе 173 000 теңге;
- орта бизнес үшін – 60 АЕК немесе 259 500 теңге;
- ірі бизнес үшін – 100 АЕК немесе 432 500 теңге.
Сонымен қатар сатушылар сатып алушыға фискалдық чек беруге міндетті. Чек беруден бас тарту да әкімшілік құқықбұзушылық саналады.
Қайда шағымдануға болады?
Егер сатушы карта немесе QR арқылы төлем қабылдамай, тек қолма-қол ақша талап етсе, сатып алушылар Мемлекеттік кірістер органдарына шағымдана алады.
Өтінішті eOtinish сервисі арқылы жолдауға болады. Шағымға фото, видео, чек немесе куәгерлердің айғақтары сияқты дәлелдерді тіркеу ұсынылады. Сонымен қатар азаматтар Мемлекеттік кірістер департаментінің аумақтық басқармасына жеке де жүгіне алады.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылдың сәуірінде банктер қазақстандықтардың мобильді аударымдары туралы мәліметін салық органдарына берген еді.


