Кейін «неге сол кезде істемедім, айтпадым екен» деген өкініш болмау үшін ата-анаңызды қазір қуантыңыз.
Ата-анамыз біз кішкентай болсақ та, есейіп кетсек те жақсы көруін, махаббатын беруді тоқтатпайды. Тіпті біз хабарласуды, мерекеде құттықтауды, қандай да бір көмек көрсетуді ұмытсақ та жақсы көре береді. Алайда, бізге берілген уақыттың шегі бар екенін ұмытпау керек. Бұл деген бір күндері жіберіп алған мүмкіндіктер үшін өкініп қалуымыз мүмкін. Кейін «неге сол кезде істемедім, айтпадым екен» деген өкініш болмау үшін ата-анаңызды қазір қуантыңыз.
Рахмет айтыңыз
Алғыс сөздер айту үшін қандай да бір ыңғайлы уақыт немесе мереке күндерді күтіп жүрмеңіз. Бөлек тұрсаңыз жай ғана телефонмен хабарласып, жағдайларын біліңіз, ең дұрысы айтпай, сыйлық алып қонаққа барыңыз. Ал бірге тұрсаңыз жақсы көретін ұсақ-түйек затын апарып беріп, жақсы көретініңізді айтудың өзі ол кісілерді көкке жеткізеді. Есіңізде қалған, бала кездегі естеліктеріңізді айтып әңгімелеңіз. Сіз үшін жасаған әр ісіне, қолдауына, айтқан мақтауларына алғыс айтуды ұмытпаңыз.
Сіз өмірге келмей тұрып қандай болғандарын сұраңыз
Сіз өмірге келмей тұрып ата-анаңыздың түрлі қызық пен шыжыққа толы өмірі болған. Достары, жастық шағы, махаббаты, батыл армандары, қателіктері. Ата-анаңыздан осы туралы сұраңыз. Айтқан әңгімелерін ықылас қойып тыңдаңыз. Екеуінің алғаш қалай танысып, қалай үйленгенін, сіз өмірге келгенде қандай сезімде болғандарын біліңіз. Олардың бұл жайлы ерекше етіп айтатынын аңғарасыз.
Бір күнді ата-ананың жағдайын жасауға арнаңыз
Қолыңыз босағанда, бір демалысты ата-анаңыздың жанында өткізу, қалауын орындау оларды шамалы болса да бақытты ете түседі. Ата-анаңыздың нақты айтқанымен жүріңіз: таңертең ерте тұрып сиырды шығару, қора тазала немесе қызының, ағайын туысының үйіне апарып келу тағы да басқа. Ал кещкісін ата-анаңыздың жас кезінде сүйіп көрген фильмін немесе жақсы көретін әншісінің концертін қосып беріңіз. Сіз үшін ата-анамен өткен бір күн болса, олар үшін ол баға жетпес естелікке айналады.
Жақсы көретін асын үйретуін сұраңыз
Анаңыздың жасаған тағамының дәмі өмір бойы естен кетпейді. Кішкентай кезіңізде істеп берген ең ерекше тағамының рецептін алыңыз немесе үйретуін сұраңыз. Сондай-ақ кейде тек аналар ғана емес әкелер де ерекше етіп тағам пісіре алады. Кәуапты, балықты жақсы дайындайды. Бір сәтке орын алмастырып сол тағамды ата-анаңызға өз қолыңызбен пісіріп беріңіз. Қолыңыздан келмесе қасында көмекші болыңыз. Арасында мақтап қоюды ұмытпаңыз.
Гаджеттерді қолдануға көмектесіңіз
Біз технологияның дамыған заманында өмірге келгендіктен гаджеттерді оңай қолданып кете аламыз. Ал ата-аналарымыз үшін нанотехнологиялар түсініксіздеу. Сондықтан телефоннан фотоны түсіруді, видеоқоңырау жасауды, ең қарапайым әлеуметтік желіні пайдалануды үйретіңіз. Күңкілдемеңіз, ахылап-ухілемеңіз, шыдамдылықпен жаймен үйреткеніңіз дұрыс.
Бірге фотоға түсіңіздер
Көптеген жанның телефоны өзінің, отбасының, ішкен-жеген тағамдары, қыдырған жерлері мен достарының фотоларына толы. Ата-анасымен бірге түскендері өте аз болады. Қазіргі кезде қолда телефон барда бұл жағдайы түзетудің еш қиындығы жоқ. Ата-анаңызбен кез келген жерде, кез келген уақытта бірге фотоға түсе аласыз. Тек барлық фотоны телефонда қалдырмай, ата-анаңызға қағазға шығарып беріңіз.
Достарымен кездесу ұйымдастырып беріңіз
Қаншама жылдарды артқа тастап арадағы достықты сақтай білу оңай шаруа емес. Жас кезде айнымас дос болған жандар уақыт өте шаруаның, жұмыстың, бала-шағаның қамымен бір-бірінен алшақтап кетіп жатады. Егер ата-анаңыздың алыста немесе араласа алмай қалған жора-жолдастары болса, ең болмағанда телефон арқылы байланыстырып, мүмкіндік болып жатса кездесу ұйымдастырып беріңіз. Мұндай кездесулер тек өткенді жаңғыртып қана қоймайды, сонымен бірге ата-анаңыздың да жасаруына көметеседі. Себебі олар жастық шағын еске түсіру арқылысол кез ге қайта оралғандай күй кешеді.
Алаяқтардан қорғаңыз
Адамның жасы ұлғайған сайын оны алдау, жаңылыстыру оңай бола бастайды. Әсіресе қазіргі дамыған заманда, үлкендер түгілі жастар да алаяқтардың арбауына жиі түсіп тұрады. Сондықтан ата-анаңызға алаяқтықтың танымал түрлері, оның қалай жұмыс істейтіні туралы айтып қойыңыз. Телефондарына антивирус орнатып беріңіз, бөтен нөмір хабарласа алмайтын етіп қойыңыз.
Денсаулығын үнемі бақылап жүріңіз
Ауырып қалдым дегенін күтпей, әр хабарласқан кезіңізде денсаулығын сұрап, не мазалайтынын білуге тырысыңыз. Ауырмаса да дәрігерлік тексеруден өткізіп тұрыңыз. Керек дәрілерін әперіп қойыңыз. Қамқорлық деген тек тәтті нәрсе, киім әперіп қыдырту ғана емес. Ағзаға қажетті дәрумендер әперу, дәрігерлік тексерістерін төлеу де қамқорлығыңызды көрсетудің бір жолы.
Қасында болыңыз
Кейде ешқандай әрекет, сөз, себепсіз-ақ жай ғана ата-анаңыздың жанында, әңгімесін тыңдап, бірге отырғанның өзі ерекше. Ата-ана үшін не бергеніңіз маңызды емес, бастысы сіздің амандығыңыз және қастарында болғаныңыз. Олар сіздің жүзіңізге қарап-ақ бақытты.
Дайындаған: Э.Базарбаева,