Құрылғылар медицина қызметкерлерінің жұмыс барысындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, оқиғаларды объективті тіркеуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында Шымкент қаласында цифрлық технологиялар мен инновациялық жобаларды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Соның бірі – медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді енгізу.
Қалада жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру мақсатында смарт-бейнежетондар жүйесі іске қосылды. Бұл технология медицина мамандарының қызмет барысында туындауы мүмкін түрлі жағдайларды тіркеуге және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жоба бастапқы кезеңде пилоттық негізде жүзеге асырылып, 10 смарт-бейнежетон пайдалануға берілген болатын. Жүйенің тиімділігі ескеріліп, қазіргі таңда жоба ауқымы кеңейтілді. Бүгінде Шымкент қаласында жедел жәрдемнің 120 бригадасына арналған 240 смарт-бейнежетон қолданысқа енгізілді.
Құрылғылар медицина қызметкерлерінің жұмыс барысындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, оқиғаларды объективті тіркеуге мүмкіндік береді. Бейнеағындар жасанды интеллект технологияларының көмегімен талданып, қажетті ақпарат Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына жіберіледі.
Бұл өз кезегінде төтенше немесе даулы жағдайларға жедел ден қоюға, медициналық жедел жәрдем бригадаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оқиғалардың мән-жайын нақтылауға мүмкіндік береді.
Смарт-бейнежетондар жүйесінің енгізілуі – Шымкентте цифрлық технологияларды қоғамдық қауіпсіздік пен әлеуметтік саланың қажеттіліктеріне тиімді пайдалану бағытындағы маңызды қадам. Алдағы уақытта мұндай инновациялық шешімдерді жетілдіру және қала тұрғындары мен қызмет көрсетуші мамандардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жобаларды дамыту жұмыстары жалғаса бермек.


