Шымкент өнерпаздары халықаралық фестивальдерде жүлделі орындарға ие болды

0
117

Шымкенттік өнерпаздардың 10 халықаралық мәдени іс-шара мен фестивальге қатысуы қамтамасыз етілді.


Шымкент өнерпаздары халықаралық фестивальдерде жүлделі орындарға ие болды

Шымкентте мәдени мұраны сақтау, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, кітапхана және архив салаларын дамыту бағытындағы жұмыстармен қатар, шығармашылық ұжымдардың халықаралық байланыстары да нығайып келеді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынбасарұлы Орынтаев 2026 жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында басқармаға қарасты шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар халықаралық фестивальдерге, концерттерге және байқауларға қатысты. «Қазына» халық би ансамблі Мысыр, Өзбекстан, Чехия және Түркия елдерінде өткен халықаралық мәдени іс-шараларда өнер көрсетіп, қазақтың ұлттық би өнерін танытты. Сондай-ақ «Қаған», «Қаратау» және «Яссы» шығармашылық ұжымдары Германия, Грузия және Словенияда өткен мәдени іс-шараларға қатысты. Наманган қаласында өткен III Халықаралық Мақом өнер байқауында «Қаған» этно-фольклорлық ансамблі екінші орын иеленді. Республикалық байқауларда эстрада әншісі Фариза Беймаханбет пен дәстүрлі әнші Асылбек Бейсов Бас жүлдеге ие болды. Ал Алмасқожа Музаппаров пен Дәулет Оңғар үшінші орын алды.
Цирк өнерпаздары да халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетті. Сергей Мұстафиннің командасы Қытайда өткен халықаралық цирк фестивалінде арнайы жүлде жеңіп алды. Алматыда ұйымдастырылған IV «Almaty Circus Festival» фестивалінде «Шымкент циркінің» әртістері қола жүлдеге ие болса, 20 қыркүйекте Душанбеде өткен «Мир цирка объединяет сердца» халықаралық фестивалінде алтын жүлдені иеленді. Шымкент қалалық Өзбек драма театры Таразда өткен халықаралық актерлік өнер фестиваліне қатысып, «Дара» медалімен марапатталды. Ал қалалық Әзіл-сықақ және сатира театры республикалық байқауда арнайы жүлдеге ие болды.
Жалпы, есепті кезеңде шымкенттік өнерпаздардың 10 халықаралық мәдени іс-шара мен фестивальге қатысуы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар олар республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға қол жеткізді. Алдағы уақытта да қаладағы мәдениет мекемелерінің жұмысын дамыту, ұлттық өнерді дәріптеу және шымкенттік шығармашылық ұжымдардың халықаралық мәдени байланыстарын кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Қазіргі таңда Шымкентте 4 116 көше бар. Оның 224-інің атауы жоқ, 44 көшенің атауы қайталанады, ал 226 көше атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген. Биыл Кеңес Одағының батырлары Тоғанбай Қауымбаев пен Лесбек Жолдасовтың есімдерін көшелерге беру жөніндегі ұсыныстар Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды. Қала тұрғындарының мемлекеттік тілді меңгеру үлесі 98,6 пайызды құрайды. Тоғыз айда тілдерді оқыту-әдістемелік орталығында 1 290 адам курстармен қамтылды. Оның ішінде 679 адам қазақ тілін, 114 адам орыс тілін, 497 адам ағылшын тілін үйренуде. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қалалық байқаулар, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен форумдар өткізілді.
Архив құжаттарын цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. 2026 жылға 750 мың парақты цифрландыру жоспарланған болса, есепті кезеңде 591 832 парақтың жұмысы орындалды. Архив саласындағы мемлекеттік қызметтер бойынша тоғыз айда 8 502 өтінім қаралды. Қала кітапханаларына есепті кезеңде 219 997 оқырман тартылып, келушілер саны 1 миллион 495 мыңнан асты. Кітапханаларда кітап оқуды насихаттауға және әдеби-мәдени құндылықтарды дәріптеуге бағытталған 1 397 іс-шара ұйымдастырылды. Оқырмандарға 3 миллионнан астам дана кітап берілді. Жалпы кітап қоры 1 миллион 862 мың 829 дананы құрайды.
Бөлісу