"Пышақтап, жолға тастап кеткен": Жетісу облысында оқушы көз жұмды

0
123

Өтіп бара жатқан көлік тоқтап, баламды сала салып, ауруханаға барған, дейді марқұмның анасы.


фото: Sputnik / Табылды Кадырбеков

ERNUR.KZ. Жетісу облысы Сарқан ауданы Алмалы ауылында 8-сынып оқушысы Муслим Біржанұлын сыныптасы пышақтап өлтірді. Оқиға туралы марқұм оқушының анасы айтты, деп жазады sputnik.kz.

Пышақтап, видеоға түсірген

6 қазанда дәл сабақ уақытында оқушыны оқушы пышақтап өлтірді.
"Сабақ уақытында оқушылар мектептен бір көше төмен түсіп барып, жанжалдасқан. Менің ұлыма пышақ салғанын да телефонның камерасына түсіріп тұрыпты. Видеоны менің баламның телефонына түсірген. Маған көрсетпеді телефонды, полиция алып кетті", - дейді марқұм оқушының анасы Самал Мұхамадиева.
Мектепке аман кеткен, өлі оралды
Муслим бокспен шұғылданған, ал өлтірді деп күдікке ілінген сыныптасы күреспен айналысқан.
"Баламды дін аман сабаққа жіберген ем. Таңертең шығарып салып, күн сайын алдынан шығып күтіп алушы ем, енді жоқ. Қара жерді құшақтап қалдым. Жарысқа кетем деп дайындалып жүргенде келмеске кетті. Бір жері ауырмаған мықты балам мектептен аман қайтпады", - деп еңіреген ананың етегі жасқа толды.

103 шақырыңдаршы...

Самалдың айтуынша, пышақ жүрек тұсына тиген.
"Баламды пышақтап, сол жерге тастап кеткен. Жан дауысы шығып, "103 шақырыңдаршы" деген. Ал ана оқушылар қашып кеткен бе, білмеймін, балам жалғыз қалған жолда. Өтіп бара жатқан көлік тоқтап, баламды сала салып, ауруханаға барған. Муслимым сол жерде жан тапсырды", - дейді Самал Мұхамадиева.

Күдікті бостандықта жүр

Муслим 29 қыркүйекте ғана 14 жасқа толған.
"Балалардың бірі шағыстырып, бірін біріне айдақтаған. Екеуі бесінші сыныптан бастап бір сыныпта оқыған. Қасында бес бала болған, нақтысын білмеймін. Күдікті бала қамалған жоқ. Оның анасы баласын тірідей көріп жүр, ал менің балам топыраққа көміліп, суық жерде жатыр. Мен ешқашан көрмеймін ғой баламды", - деп аңырады ана.
Ол Білім бөлімінің басшысы келгенін де айтты.
"Сұхбат бермеңіз" дей берді. Баламнан айырылып отырып, неге үндемеуім керек. Кешірім бермеймін, сотталсын. Айналдырған үш-ақ балам бар еді, бірінен айырылып қалдым", - дейді Самал Мұхамадиева.
Самал баласының қаза болғанын ауруханадан естіген.
"Баламды дәрігерлердің кесуіне рұқсат бердім. Пышақ жүрекке тиген. Пышақты екі рет салған. Суырып алып, қайта салған дейді. Күдіктінің туыстары келмеді кешірім сұрап, келсе де кешірмеймін", - дейді ана.

Түсімнен шошып ояндым

Оқиға болардан бір күн бұрын Самал қорқынышты түс көріп, шошып оянған.
"Айқайлап, шошып ондым. Түсімде қалың полиция, өте қорқынышты, қуалап жүр мені. Күйеуім де шошып кетіп, "не болды, айтшы" дей берді. Полиция қаптап кеткен. Бірақ Муслимым кірмеді түсіме", - дейді Самал.
Осы факті бойынша Жетісу облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
"Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, сабақтан кейін сыныптастар арасында жанжал туындап, оның барысында жасөспірімдердің бірі дене жарақатын алып, кейіннен көз жұмған. Күдікті ұсталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілді", - дейді полицияда.
Сонымен қатар балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша білім беру ұйымының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу барысы Жетісу облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, дейді облыстық полиция департаментінде.