Астана тұрғындарына Мүгедектігі бар жандар күніне орай төлемдер беріледі.
Фото: Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
ERNUR.KZ. Астанада мүгедектігі бар адамдарға 86 500 теңгеге дейін біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Төлемдер қазанның екінші жексенбісінде атап өтілетін Мүгедектігі бар адамдар күніне орайластырылған, деп жазады tengrinews.kz.
Әлеуметтік көмек елордада тіркелген мүгедектігі бар адамдарға арналған.
Төлем мөлшері мүгедектік тобына байланысты болады.
Кім қанша алады?
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, төлем мөлшері:
- 86 500 теңге (20 АЕК) - бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
- 43 250 теңге (10 АЕК) - екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ барлық топтағы 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға;
- 21 625 теңге (5 АЕК) - үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға.
Өтініш беру қажет пе?
Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш берудің қажеті жоқ. Қаражат "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында бар мәліметтер негізінде автоматты түрде төленеді.
Дегенмен, Астанаға жақын арада көшіп келгендерге мүгедектік бойынша жәрдемақы алушының ісі жаңа тұрғылықты жері бойынша ауыстырылғанын тексеру ұсынылады.
Кімдерге төлемнен бас тартылуы мүмкін?
Ережеге сәйкес, біржолғы әлеуметтік көмек күнтізбелік жылда бір рет қана және бір негіз бойынша тағайындалады.
Яғни, егер адам 2026 жылы басқа негіз бойынша біржолғы әлеуметтік көмек алып қойған болса, Мүгедектігі бар адамдар күніне орай оған қайтадан ақша төленбейді.
Айта кетейік, Мүгедектігі бар адамдар күні жыл сайын қазанның екінші жексенбісінде атап өтіледі. Биыл бұл күн 11 қазанға түсіп тұр.
Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындаудың жаңа ережелері бекітілген болатын. Енді төлемдерді алу құқығын анықтау кезінде отбасының немесе жеке тұлғаның әл-ауқат деңгейі ескеріледі.


